Талдықорғанда ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастардың дәстүрлі мәдениетке деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Тақия: дәстүрден трендке» атты этно шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Бұл тағылымды шара ұлттық мұраны заманауи көзқараспен ұштастырып, жас буынның рухани дүниесін байытуға бағытталды.
Кездесудің негізгі мақсаты — қазақ халқының ұлттық бас киімі саналатын тақияның тарихи әрі мәдени маңызын кеңінен түсіндіру, оны қазіргі сән үрдістерімен үйлестіре отырып, жастар арасында жаңаша форматта насихаттау және олардың шығармашылық әлеуетін дамыту болды.
Іс-шара барысында қатысушылар тақияның шығу тарихымен, оның алуан түрлері мен өзіндік ерекшеліктерімен танысты. Әсіресе тәжірибелік бөлім ерекше қызығушылық тудырды: жастар өз қолдарымен тақия элементтерін жасап, ұлттық қолөнердің қыр-сырын тереңірек меңгеруге мүмкіндік алды. Бұл олардың шығармашылық ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, ұлттық өнерге деген ықыласын арттырды.
Шараға Талдықорған қаласының белсенді жастары қатысып, ашық диалог алаңы ұйымдастырылды. Еркін пікір алмасу барысында қатысушылар ұлттық мәдениеттің бүгінгі қоғамдағы орны, дәстүр мен заманауи трендтердің үйлесімі, сондай-ақ қолөнердің маңызы жөнінде ой бөлісті.
«Тақия: дәстүрден трендке» этно шеберлік сағаты — жастарға ұлттық құндылықтарды жаңаша қырынан танып-білуге, өз шығармашылық қабілеттерін дамытуға және дәстүр мен заманауи бағыттың өзара сабақтастығын терең түсінуге мүмкіндік берген маңызды әрі мазмұнды алаң болды. Алдағы уақытта осындай игі бастамалар жалғасын тауып, жастардың кең ауқымын қамту жоспарлануда.