Тамақтан улану – асқазан-ішек жолдарына тамақпен немесе сусындармен бірге зиянды бактериялардың түсуінен ішкі ағзалар қызметінің бұзылуы. Тамақтан улану жедел, аяқ астынан басталады.

Тамақтан уланудың негізгі себептері:

  • балалар тұтынатын азық-түліктердің, әсіресе тез бұзылатын тағамдардың сақтау шарттарының сақталмауы, сондай-ақ азық-түлік пен шикізаттың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болмауы;
  • тамақ дайындау кезінде жеке гигиена ережелерінің сақталмауы;
  • ас блогы қызметкерлерінің міндетті медициналық тексеруден өтпеуі;
  • санитариялық қағидалар талаптарына сәйкес рұқсат етілмеген тағамдарды дайындау.

Сапасыз тағамдар микробтардың көбеюіне және олардың уыттарының пайда болуына жағдай жасап, балалардың тамақтан улануына алып келеді.

Тамақтан уланудың эпидемиологиялық белгілері:

  • кенеттен басталуы;
  • адамдар тобында аурудың бір мезгілде басталуы;
  • жедел әрі қысқа мерзімді ағымдылығы;
  • аурудың белгілі бір тағамдық өнімді тұтынумен байланысы;
  • өнімді тұтыну немесе сатып алу орнына байланысты аурудың аумақтық шектелуі;
  • тамақтан улануға себеп болған өнімді алып тастағаннан кейін аурудың жаңа жағдайларының пайда болуының тоқтауы;
  • микробтық тамақтан уланудың науқас адамнан сау адамға берілмеуі.

Балаларды уланудан қорғауға арналған кеңестер:

  • тез бұзылатын тағам түрлерін тоңазытқышта сақтау және тағамның бетін ашық қалдырмау қажет;
  • көкөністер мен жеміс-жидектерді ағынды сумен мұқият жуып, мүмкіндігінше қайнаған сумен шаю қажет;
  • тамақ өнімдерін жарамдылық мерзімін ескере отырып сақтау қажет;
  • азық-түлік өнімдерін дайындау, сақтау, тасымалдау және сату кезінде санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау қажет;
  • тамақ өнімдерін рұқсат етілмеген сауда орындарынан және белгісіз тұлғалардан алмау қажет;
  • үй жағдайында консервіленген салаттарды, саңырауқұлақтарды және көкөністерді сатып алмау қажет;
  • ас мәзірін құрастыру кезінде тез бұзылатын тағамдарды, соның ішінде кремді-кондитерлік өнімдер мен құрамында бірнеше ингредиенті бар, майонез қосылған күрделі салаттарды қоспауға назар аудару қажет;
  • салқын тағамдар мен салаттарды 1,5–2 сағаттан артық сақтамау қажет.

Осы қарапайым талаптарды сақтау балаларыңызды тамақтан уланудан қорғауға көмектеседі. Ал тағамнан улану белгілері пайда болған жағдайда, дереу дәрігерге жүгініп, медициналық көмекке жүгіну қажет екенін есте сақтаған жөн.

Асхат Чарапиев,

Жетісу облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *