Жыл басынан бері Жетісу облысында 18 мыңға жуық жұмыс орны құрылды, оның 10 мыңнан астамы – тұрақты жұмыс орындары. 2026 жылдың соңына дейін барлығы 19,2 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары аясында өңір тұрғындары кәсіптік оқудан өтуде, жастар практикасына, қоғамдық және әлеуметтік жұмыстарға, сондай-ақ «Күміс жас» бағдарламасына қатысуда. 700-ден астам адам қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтсе, 708 азамат «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша білім алды.
Сонымен қатар, биыл жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 400 азаматқа 400 АЕК мөлшерінде мемлекеттік грант берілді.
Жекелеген бағыттардың бірі – шетелдік жұмыс күшін тарту кезінде Қазақстан азаматтарын жұмыспен қамту. 2026 жылға 416 адамға квота бекітілді. Бұл ретте шетелдік мамандарды тартатын жұмыс берушілер 4 мыңнан астам қазақстандықты жұмыспен қамтып отыр.
1 қыркүйектегі жағдай бойынша облыста 31 мыңнан астам аз қамтылған тұрғынға әлеуметтік көмек көрсетілді. Осы мақсаттарға 2,5 млрд теңге бағытталды.
Өңірде 25 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген. Олардың шамамен 13 мыңы қажетті техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілді.
Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға көрсетілетін қызметтерді дамыту жұмыстары жалғасуда. Биыл «Инватакси» қызметіне 285,4 млн теңге бөлінді. Қызметті 824 адам пайдаланды, 71 мыңнан астам өтініш тіркелді.
Этникалық қазақтарды қолдауға да ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері өтініш білдірген 304 азаматтың 297-сіне «қандас» мәртебесі берілді. Оларға мемлекеттік қызметтерді алу, мәртебені рәсімдеу және қоныс аудару мүмкіндіктері бойынша консультациялық және ақпараттық көмек көрсетіледі.