Жетісу облысында жастардың құқықтық мәдениетін нығайту, Қазақстан Республикасы Конституциясында бекітілген адам құқықтары мен бостандықтарының маңызын кеңінен түсіндіру, сондай-ақ жастармен жұмыс істейтін мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатында «Адам құқықтарының Конституциядағы орны және олардың кепілдіктері» тақырыбында жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлеріне арналған семинар өтті.
Семинар барысында қатысушылар Конституцияда айқындалған адам құқықтары мен бостандықтарының мазмұнын, олардың қоғамдағы рөлі мен маңызын, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың құқықтық тетіктерін, конституциялық кепілдіктердің тиімділігін және құқықтық мемлекет құрудың негізгі қағидаттарын жан-жақты талқылады. Сонымен қатар құқық қолдану тәжірибесіндегі өзекті мәселелер қарастырылып, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырудың тиімді жолдары жөнінде пікір алмасты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар ресурстық орталықтары қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, жастар арасында заңға және адам құқықтарына құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмысты жетілдіру, сондай-ақ құқықтық ағартушылық саласындағы тәжірибе алмасу болды.
Семинарда Ішкі істер органдарында ұзақ жылдар қызмет атқарған, қазіргі таңда запастағы полиция подполковнигі Құмар Смаилов баяндама жасап, Конституцияның адам құқықтарын қамтамасыз етудегі рөліне, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың негізгі тетіктеріне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, құқықтық тәжірибеден нақты мысалдар келтірді.
Семинар соңында ашық пікір алмасу алаңы ұйымдастырылып, жастармен жұмыс барысында туындайтын құқықтық мәселелер талқыланды. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, құқықтық ағартушылық жұмыстарын жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын ортаға салды.
Аталған семинар жастармен жұмыс істейтін мамандардың құқықтық білімін жетілдіруге, олардың кәсіби әлеуетін арттыруға және жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.