Жетісу облысының Талдықорған қаласында «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері арасында алғаш рет «Этно-Квест» облыстық ойыны ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, этносаралық татулықты дәріптеу, тарихи-мәдени мұраны насихаттау, сондай-ақ жастардың зияткерлік, көшбасшылық және шығармашылық әлеуетін дамыту.
Облыстық ойынға Жетісу облысының аудан-қалаларынан 16-25 жас аралығындағы жастар қатысты. Әр команда екі қатысушыдан – бір қазақ және бір өзге этнос өкілінен құралды. Мұндай формат жастар арасындағы достықты нығайтып, мәдениетаралық диалогты дамытуға, өзара түсіністік пен командалық жұмысты жетілдіруге мүмкіндік берді.
Екі күнге жоспарланған бағдарлама аясында қатысушылар ұлттық тарих, мәдениет, салт-дәстүр және қоғамдық келісім құндылықтарына арналған зияткерлік әрі танымдық квест тапсырмаларын орындады. Сонымен қатар командалық ойындар, шығармашылық сайыстар мен тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылып, жастардың белсенділігі мен ұйымшылдығы сынға түсті.
«Этно-Квест» – жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, патриоттық рухын қалыптастыруға, этносаралық достық пен өзара құрметті нығайтуға бағытталған жаңа жобалардың бірі. Ұйымдастырушылар бұл бастама алдағы уақытта дәстүрлі облыстық жобаға айналып, жастар арасында кең қолдау табатынына сенім білдіреді.
Қатысушылардың жол жүру шығындары өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Тамақтану және жатын орын ұйымдастырушылар тарапынан қамтамасыз етіледі.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *