Жатыр мойны обыры – әйелдер арасында жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі. Елімізде жыл сайын жатыр мойны обырының 2000-ға жуық жаңа жағдайы тіркеліп, 600-ге жуық әйел адам қайтыс болады. Оның негізгі себебі – адам папиллома вирусының (АПВ) қауіпті түрлері. 95%-дан астам жағдайда жатыр мойны обырын адам папилломавирусы (АПВ) тудырады.
АПВ – кең тараған өте жұқпалы вирустардың тобы, адамнан адамға оңай беріледі. Адамдардың шамамен 80% өмірінің белгілі бір кезеңінде АПВ жұқтырып алады.
Таралуы инфекция түскен терімен, шырышты қабаттармен тікелей жанасу кезінде орын алады. Жолдары:
- тұрмыстық жанасу (қол алысу, сүйісу, терідегі зақымдар);
- жыныс жолы;
- босану кезінде (анадан балаға);
- өзін-өзі жұқтыру (қырыну, эпиляция кезінде дененің бір бөлігінен екінші жеріне ауысады).
Қазақстанда ЖМО-мен ауырған науқастардан зерттеуге алынған материалдардың 74%-ында 16,18 серотиптер анықталған.
Дәл осы серотиптер қолданыстағы АҚШ-та жасалған 4-валентті «Гардасил» вакцинасының құрамына кіреді.
Бұл вакцина АҚШ, Австралия, Канада, Швейцария, Норвегияда енгізілгеннен 5-10 жылдан кейін зерттеулер жүргізілді: вакцина құрамындағы АПВ түрлерінің (6,11,16,18) таралу жиілігі егілгендер арасында 90%-ға; егілмегендер арасында 40%-ға дейін төмендеген. Айта кетерлігі, мұнда ұжымдық иммунитеттің арқасында егілмегендер арасында да инфицирлену төмендеген.
АПВ-ға қарсы алғашқы вакцина 2006 жылы тіркелген. Әлемде 135 ел ұлттық вакцинация күнтізбесіне осы вакцинацияны енгізді. Орталық Азия бойынша көрші Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан елдері де вакцинацияны енгізген.
Вакцина енгізілген елдерде ЖМО-мен ауру қаупі 70-90%, тік ішектің қатерлі ісігімен ауру қаупі 77%, ерлер мен әйелдердің жыныс мүшелерінің қатерлі ісігімен ауру қаупі 96-99%-ға төмендеді.
Біздің елімізде вакцинаны бұрын алғандар да бар: 2013 жылы Қазақстанның 4 аймағында (Атырау, Павлодар облыстары, Алматы қ. және Астана қ.) 17 295 қыз жатыр мойны обырына қарсы вакцина алды, 2023 жылы сол кезде вакцинацияланған 1129 және егілмеген 871 әйел адам тексеріліп, АПВ вакцинасын алмағандар тобында инфекция 18%-ында анықталды, вакцинацияланған топ арасында — 0,12%. Бұл вакцинаның тиімділігін көрсетті. Осы дәлелдерден кейін елімізде АПВ-ға қарсы вакцинация енгізілді.
2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес АПВ қарсы екпе 11 жасқа толған қыздарға жасалады. Вакцинация 2 кезеңде ата-аналардың келісімімен жүргізіледі, 2-ші доза 6 айдан кейін салынады.
Сонымен қатар қосымша иммундаумен 12-13 жастағы қыздар да АПВ қарсы екпемен қамтылуда. Бүгінгі күні АПВ ға қарсы екпемен 11 жастағы 7000 қыз, 12-13 жастағы 3500 қыз 1-дозамен, 11 жастағы 4200 қыз, 12-13 жастағы 2400 қыз 2-дозамен қамтылды.
Қолайсыз көріністер тіркелген жоқ.
Бүгінде 14-17 жастағы қыздар да АПВ-ға қарсы екпені тегін алып, жатыр мойны обырынан қорғана алады.
«ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 13 мамырдағы №7 «Қазақстан Республикасында 14-17 жастағы қыздарға адам папилломасы вирусына қарсы қосымша вакцинацияны жүргізу туралы» қаулысына сәйкес 14 жастан бастап 17 жас 11 ай 29 күнді қоса алғандағы жасқа дейінгі қыздарға ата-анасының (заңды өкілінің) ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін ерікті негізде АПВ-ға қарсы вакцинация жүргізіледі. Вакцинация 3 кезеңде жүргізіледі, 2-доза – 2 ай, 3-доза — 6 айдан кейін салынады. Вакцина 0,5 мл дозада иықтың дельта тәрізді бұлшықет аймағына енгізіледі»,- деп атап өтті Жетісу облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиев.
Вакцина дәрігердің қарауынан кейін ғана енгізіледі. Дәрігер АПВ-ға қарсы профилактикалық екпеге медициналық қарсы көрсетілімнің бар-жоғын анықтайды. Қарсы көрсетілімдер өте сирек кездеседі. Салқын тию сияқты кішігірім инфекция вакцинацияға қарсы көрсетілім емес.
Келесі адамдарға вакцина салынбайды:
- вакцина компоненттеріне ауыр аллергиялық реакциялар бар адамдар;
- жүктілік кезіндегі әйелдер;
- орташа/ауыр, қызбасы бар/қызбасыз жіті ауруы бар науқас (2-4 аптадан кейін егіледі);
- жүйкенің жіті аурулары (менингит, энцефалит, менингоэнцефалит; толық сауыққан соң 1 айдан кейін егіледі);
- жіті гломерулонефрит (сауыққан соң 6 айдан кейін егіледі);
- стеройд, иммуносупрессивті ем қабылдаушылар;
- созылмалы аурулардың асқынуы, өршуі барлар;
- үдемелі/тұрақсыз неврологиялық бұзылысы, үдемелі энцефалопатия, бақыланбайтын құрысуы барлар (жағдай толық тұрақталғанға дейін).
Вакцинация 11-13 жас аралығындағы қыздарға жоспарлы және толықтыра вакцинация жүргізу үшін АПВ-ға қарсы вакциналардың қалдықтарын ескере отырып, вакциналардың қолда бар көлеміне байланысты жүргізіледі.
Бұл вакцина мектептерде, емханаларда жасалады. Көшпелі егу бригадалары ұйымдастырылады. Егу бригадасы әрбір егу пунктінде қалыптастырылады.
Вакцина суспензия түрінде болады, ол толығымен пайдалануға дайын және қосымша еріткіштерді қажет етпейді.
АПВ-ға қарсы вакцинаның құрамында вирустың ДНҚ-сы жоқ:
- 6, 11, 16 және 18 типті АПВ-ң капсидті ақуызымен бірдей құрылымға ие синтезделген ақуыз молекулалары;
- аморфты алюминий гидроксифосфаты сульфаты (иммундық реакцияны күшейтеді);
- L-гистидин (табиғи алмастырылмайтын амин қышқылы);
- полисорбат 80 (тұрақтандырғыш/ балмұздаққа да қосылады);
- натрий бораты (эмульгатор, консервант, тазартқыш, антисептикалық, комплекс түзуші).
ЖМО-нан қыздарыңызды қорғау үшін АПВ-на қарсы вакцина салдырыңыздар!