Вакцинамен басқарылатын инфекциялар – бұл вакцинация арқылы таралуын бақылауға және алдын алуға болатын аурулар. Вакцинацияның негізгі мақсаты — өлім-жітімнің, мүгедектіктің және эпидемияның алдын алу үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру.

Вакцинация қауіпті жұқпалы ауруларды айтарлықтай азайтуға және кейбір жағдайларда толығымен жоюға мүмкіндік береді.

Вакцинамен басқарылатын негізгі инфекциялар: Полиомиелит, дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит.

Жалпы Ұлттық күнтізбеге сәйкес Қазақстанда 21 инфекцияға қарсы профилактикалық екпе тегін жүргізіледі (айта кетейік, Мысыр, Кения, Габон, Мадагаскар, Камерун, Мали, Нигерия сияқты Африка, Азия, Оңтүстік Америка елдерінде профилактикалық екпелер ақылы түрде жүргізіледі).

Жаңа туған нәрестеге перзентханада туберкулез бен В гепатитіне қарсы вакцина жасалады. Баланың 2, 3, 4, 18 айында құрамдастырылған В гепатиті, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, b типті гемофильді инфекция және пневмококқа қарсы, 1 жасында полиомиелит, пневмококк, қызылша, қызамық, эпидемиялық паротитке қарсы, 6 жаста көкжөтел, дифтерия, сіреспе, қызылша, қызамық, эпидемиялық паротитке қарсы, 16 жасында және ересектерге әрбір 10 жыл сайын дифтерия, сіреспеге қарсы вакцинация жасалады.

Оның ішінде 2 инфекцияға қарсы вакцинация (ВПЧ-жоспарлы, коронавирус-эпидемиологиялық көрмсетілім бойынша) республикалық бюджет қаражаты есебінен, 19 инфекцияға қарсы жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі:

Инфекциялық аурулар бойынша эпидемиологиялық қадағалау жүргізілуде. Бүгінгі күні Жетісу облысында вакцинамен басқарылатын инфекциялық аурулардың эпидемиологиялық жағдайы тұрақты. Есепті кезеңде дифтерия, сіреспе, эпидемиялық паротит, қызамық, көкжөтел инфекциялары тіркелген жоқ.

Бірақ соңғы жылдары вакцинамен басқарылатын инфекциялардың (қызылша, көкжөтел) жоғарылауы байқалады. Жетісу облысында 2023 жылы қызылшаның 576, 2024 жылы 727, көкжөтелдің 177 жағдайы тіркелді. Оның ішінде қызылшамен ауырғандардың 80%, көкжөтелдің 92% бірде-бір екпе алмағандар.

Сырқаттанушылықтың өсуінің басты себебі — ұжымдық иммунитеттің төмендеуі. Инфекциялардың қайта оралуының негізгі себептері:

Вакцинациямен қамтудың төмендеуі: жоспарлы егулерді өткізіп алу инфекцияларға қарсы иммунитеті жоқ халықтың (әсіресе балалардың) жиналуына әкеледі.

Вакцинациядан бас тарту (ауырғандардың 25,5% екпеден бас тартқандар): Халықтың басым бөлігі жеке көзқараспен (91,5% — 3320), діни сеніммен (2,8% — 101), вакцинға сенбеуінен (4,7% — 170), БАҚ жағымсыз ақпараттармен (1,0% — 38) вакцинациядан бас тартады.

Медициналық көрсеткіштер: ауырғандардың 21% медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты егілмеген. Уақытша медициналық қарсы көрсетілімдер балаларды вакцинациялау процесін кешіктіреді.

Халықтың көшіп-қонуы: адамдардың белсенді қозғалысы вакцинацияланбағандар арасында инфекциялардың әкелінуіне және тез таралуына ықпал етеді. Осы факторлар жойылған немесе бақыланатын деп саналған инфекциялардың қайтадан тіркелуіне әкеліп соғады, бұл аурулар мен асқынуларды тудырады.

 «Қызылшаның тіркелуі әлі де жалғасып жатыр. Былтырғы жылы 41, биыл 136 жағдай зертханамен расталып, есепке алынды. Жоғары сырқаттанушылық Ақсу, Алакөл, Ескелді, Сарқан, Кербұлақ аудандары мен Текелі, Талдықорған қалаларында орын алуда. Науқастардың шамамен 66,2% (90) 5 жасқа дейінгі балалар арасында және 85,3% (116) егілмегендер арасында тіркелді»,- дейді Жетісу облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Кунбасова.

 Сырқаттанушылықтың алдын алу бойынша келесі шаралар атқарылуда:

— Ауруды уақытылы тіркеп, есепке алу, эпидемияға қарсы алдын алу шараларын ұйымдастыру бойынша күнделікті мониторинг енгізілген. Әрбір тіркелген жағдай бойынша үй және объект ошақтарында тергеп — тексеру жүргізіледі. Тергеп-тексеру барысында анықталған кемшіліктер бойынша айыппұл салынады. Тексеру қорытындысы бойынша ақпарат Департаменттің сайтына орналастырылады.

  • Ошақта эпидемияға қарсы шаралар атқарылуда: жыл басынан 166 ошақта (үй ошағы, ұйымдастырылған мекемелер, жұмыс орны, медициналық ұйымдар, әскери бөлім) 14142 адам медициналық бақылауға алынды. Бүгінгі күнге 4 ошақта медициналық бақылау жүргізілуде.
  • Қызылшаға қарсы вакцинация жүргізілуде, оның ішінде 1 – 6 жасқа толған балалар жоспарлы вакцинация (жыл басынан егілгені 1 жастағы – 3500 бала, 6 жаста – 4325 бала), екпелерін өткізіп алған 18 жасқа дейінгі балалар толықтыра вакцинация (егілгені 1267), эпидемиологиялық жағдайға байланысты 6-10 айлық балалар қосымша вакцинация (егілгені 3712) және ауру анықталған ошақта науқаспен қарым — қатынаста болған екпесі жоқ немесе белгісіз 30 жасқа дейінгі адамдарға эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша иммундау (егілгені 275) жүргізілуде.

Жалпы иммундаумен Жетісу облысында жыл сайын 40 мыңнан астам бала қамтылады. 2026ж. 16 жасқа дейінгі 7042 балаға профилактикалық екпе жасалды.

«Иммундау арқылы жұқпалы аурулардан қорғану ұзақ жылдардан белгілі. Тиімді және қауіпсіз вакцинаны қолдану нәтижесінде ауыр интоксикациямен, жоғары қызбамен, бас пен арқадағы ауырсынумен, сондай-ақ теріде және шырышты қабаттарда кең тарайтан бөртпелермен өтетін, эпидемияға, өлім жағдайына алып келетін шешек ауру әлем бойынша жойылды (ДДҰ 1980ж.жариялады), көптеген елде полиомиелиттің таралуы тоқтатылды, ҚР да полиомиелиттен бос ел, бұл инфекция, салдану, мүгедектік, өлімге әкеледі, бірқатар инфекциямен сырқаттанушылық едәуір төмендеді: вакцинацияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда дифтерия (жүрекке, бүйрекке әсер етеді, салдану, тыныс алу жолдарының бітелуі, тұншығу және өлімге әкеледі) -5000 есе, қызылша (пневмония, энцефалит, соқырлық, кереңдікпен асқыну, иммунитеттің ұзақ мерзімді төмендеуі)-2000 есе, қызамық (ұрықтың ауыр ақаулары, саңырау, катаракта, жүрек ақаулары немесе түсік)-6000 есе, көкжөтел – 100 есе, сіреспе – 90 есе, жіті ВВГ- 32 есе төмендеді», — дейді маман.

Осылайша жұқпалы ауруларға қарсы ұжымдық иммунитет және халықтың эпидемиологиялық салауаттылығы қалыптасты. Соған қарамастан, бірнеше ұрпақтың еңбегімен қол жеткізілген бұл прогресс қауіп-қатерге ұшырауда. Жыл сайын шамамен Жетісу облысында 500 бала қажетті вакциналарды алмайды, оның ішінде 70% бірде-бір вакцина дозасын алмаған. Бүгінгі күні жалған және жаңылыстыратын ақпараттың таралуы да үлкен қауіпке айналып отыр

Бас тартудың бала үшін де, айналадағы басқа адамдар үшін де салдары ауыр. Мысалы:

  • дифтерияда өлім-жітім 10%;
  • қызылшада өлім-жітім 1%, мүгедектік 5%;
  • полиомиелитте мүгедектік 70%;
  • жүкті әйел қызамықпен ауырса, бала, туа біткен қызамық синдромымен туылады;
  • созылмалы В гепатиті цирроз, бауырдың қатерлі ісігіне әкеледі;
  • ұл бала паротитпен ауырса, болашақта белсіздік болуы мүмкін;
  • көкжөтел кезінде 50% жағдайда конвульсиялық жөтел 2-3 ай бойы сақталады, 100 жағдайдың 1-де энцефалит пайда болады немесе өкпе асқынулары дамиды; 
  • сіреспеде өлім-жітім — 15-60%, жаңа туған нәрестелер арасында 90%.

ДДҰ: Қазіргі уақытта иммундау жыл сайын дифтерия, сіреспе, көкжөтел, тұмау және қызылша сияқты аурулардан 3,5 миллионнан 5 миллионға дейін өлімнің алдын алуға мүмкіндік береді.

         Әр түрлі жұқпалы ауруларға қарсы вакциналарға бөлінген шығындардың эпидемиологиялық тұрғыдан тиімділігі дәлелденген, яғни сырқаттанып емделгенге қажетті шығыннан шамамен 10-нан 1000 есеге дейін төмен.

Осы деректерді ескере отырып, балаңызды қазір ектіру арқылы, аурудың алын алып қана қоймай, балаңызды ауыр асқынулардан сақтап қаласыз. Балаңыздың болашақ өмірін қауіпсіз етіңіз, өзіңізге дені сау ұрпақ қауанышын силаңыз!       Вакциналар жөнінде толығырақ білгілеріңіз келсе egu.kz сайтынан сенімді ақпаратты алуға болады, сұрақтар туындаған жағдайда 7701 телефонына хабарласуға болады.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *