Жетісу облысында соңғы 4 жылда жергілікті маңызы бар 1610,6 км автомобиль жолы жөндеуден өтті, оның ішінде 660,4 км — облыстық маңызы бар жолдар және 148 елді мекеннің 950,2 км ішкі жолдары. Биыл өңірде облыстық жолдар мен елді мекен көшелерінің 212,6 шақырымын жөндеу жоспарланған. Жұмыспен 38 елді мекен қамтылады. Осының арқасында жыл соңына дейін нормативтік жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесін 96%-ға жеткізу көзделіп отыр.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айдос Досжановтың айтуынша, ең ірі нысандардың бірі «Талдықорған — Үштөбе» автожолының 40 шақырымдық учаскесі. Қазіргі уақытта облыс әкімінің тапсырмасымен 49-шы шақырымнан бастап ескі асфальт жабынын фрезерлеу және су өткізгіш құбырларды ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

— Бүгінгі таңда 28 700 шаршы метрге жуық асфальт жабыны фрезерленді. Жол төсемі екі қабаттан тұрады: төменгі қабатының қалыңдығы — 6 см, жоғарғы қабаты — 4 см. Сонымен қатар 13 су өткізгіш құбырды ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр, оның 12-сі толығымен орнатылып, топырақпен көмілді. 11 учаскеде қозғалыс қалпына келтірілді. Нысанда 37 бірлік арнайы техника мен 34 жұмысшы жұмылдырылған, — деді ол.

Учаске бастығы Бақыт Жанділовтың айтуынша, маусым айының басынан бастап жолдың 49-дан 43-ші шақырымына дейінгі аралығында асфальттың төменгі қабатын төсеу басталады. Жұмыстарды орындау үшін қосымша 15 жұмысшыдан тұратын арнайы бригада және 40-қа жуық арнайы техника тартылады. Айта кетейік, мердігер ұйымның меншікті карьері, ұсақтағыш қондырғысы және асфальт зауыты бар.

Мемлекет басшысының өңірге жұмыс сапары барысында Балқаш көлінің жағалауына баратын автомобиль жолын реконструкциялау, 15 апаттық көпірді жөндеу, сондай-ақ Бұрхан-Бұлақ сарқырамасына апаратын облыстық маңызы бар автомобиль жолын реконструкциялау бойынша тапсырмалар берілгенін атап өткен жөн.

Нәтижесінде, қазіргі кезеңде «Алматы — Өскемен — Лепсі — Ақтоғай» автомобиль жолын реконструкциялау аясында 35–110 км учаскесінде 105 км бойына асфальтбетон жабынының үш қабатын төсеу жұмыстары аяқталып, автокөлік қозғалысы қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта абаттандыру жұмыстары жүргізілуде: жол жиегін нығайту, геоторлар, жол белгілерін, демалыс аймақтарын орнату және жол таңбаларын сызу қолға алынған.

Сондай-ақ Бұрхан-Бұлақ сарқырамасына апаратын облыстық автомобиль жолын реконструкциялауға жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қазіргі уақытта мердігер ұйым жолдың негізін дайындау және су өткізгіш құбырларға арналған бетон бұйымдарын жеткізу жұмыстарын жүргізуде. Жобаны іске асыру мерзімі 2025-2027 жылдар.

15 апаттық көпірді жөндеуге келсек, 2025 жылға дейін Кербұлақ, Көксу, Ескелді, Сарқан және Қаратал аудандарындағы 5 көпірде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. 2025 жылдан бастап қалған 10 көпірді реконструкциялау жұмыстары басталды. Ағымдағы жылдың соңына дейін оның 8-ін пайдалануға беру жоспарлануда.

Бұдан бөлек, 2024 жылдан бастап автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз ету және олардың нормативтік жағдайын ұстап тұру үшін автоматтандырылған өлшеу жүйелерін орнату жұмыстары басталды. Атап айтқанда, бүгінгі таңда облыстық маңызы бар автожолдарда 4 автоматтандырылған өлшеу жүйесі орнатылды:

  • «Алматы — Өскемен – Қапал — Арасан» автожолының 31,7 шақырымы;
  • «Талдықорған — Үштөбе» автожолының 9,7 шақырымы;
  • Көлбай ауылының маңындағы «Талдықорған — Үштөбе — Быжы — Мұқыры» автожолының 60 шақырымы;
  • «Сарыөзек — Қорғас — Қоғалы — Көксу — Қарабұлақ» автожолының 111 шақырымы.

Сонымен қатар, облыстық маңызы бар жолдарда жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 600-ге жуық жол белгісін орнату, 1500 метр металл тосқауылдарды монтаждау, 6 мың шаршы метр жол және жаяу жүргіншілер таңбасын жаңарту, автобус аялдамалары мен қоқыс контейнерлерін орнату, сондай-ақ 34 мың шаршы метр аумақта ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Айдос Досжанов атап өткендей, автомобиль жолдарында автокөлік құралдарының үздіксіз және қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету өңірді дамытудың басты басымдықтарының бірі болып қала береді және бұл жұмыс облыс басшылығының тұрақты бақылауында.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *