Жетісу облысында кене энцефалитінің алдын алу мақсатында 1 сәуірден бастап жаппай дезинсекция жұмыстары басталады. Эпидемиологиялық маусымның алғашқы екі аптасында өңірде 13 адамды кене шағып, медициналық көмекке жүгінген. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиев пен Жетісу облысының штаттан тыс эпидемиологы Рандир Сахариев журналистер үйінде брифингте белгілі болды.
Мамандардың мәліметінше, облыс бойынша Ақсу, Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Сарқан аудандары мен Талдықорған, Текелі қалалары кене энцефалиті бойынша эндемиялық аймақтарға жатады. Өткен жылы кене шағудың 824 жағдайы тіркелген.
Қазіргі таңда медициналық ұйымдар кене энцефалитіне қарсы вакцина мен иммуноглобулин қорымен толық қамтамасыз етілген:
Вакцина қоры: 5537 мөлшер, иммуноглобулин қоры: 12,357 литр, шаққаннан кейін 3 күн ішінде енгізу тиімді.
Тұрғындар көп жиналатын саябақтарда, өзен жағалауларында және тау етектерінде жалпы көлемі 230 гектар жер өңделеді. Талдықорған қаласында дезинсекциялық жұмыстар 8 сәуірде басталып, бірінші кезеңі 28 сәуірге дейін жалғасады. Екінші кезең маусым айына жоспарланған.
Кене энцефалит – бас миы мен жұлынды зақымдайтын ауыр вирустық ауру. Ол тек кене шаққанда ғана емес, сонымен қатар: оны басып, жаншығанда, шикі сүтті пайдаланғанда жұғуы мүмкін.
Ауру кенеттен басталады. Дене қызуы көтеріліп, тұмау белгілері байқалады, кейін құсу және қатты бас ауруы қосылады. Сырқаттың асқынуы сал ауруына (паралич) немесе 20-30% жағдайда өлімге әкелуі мүмкін.
Кене шаққан жағдайда кенені өз бетіңізше жұлып алмай, бірден хирург дәрігерге қаралған жөн. Зардап шеккен адамнан алынған кенені зерттеу тегін жүргізіледі.
Табиғат аясына шыққанда денеге кене кірмейтіндей жабық киім кию, репелленттерді иіс сулар қолдану және әр 2 сағат сайын денені тексеріп отыру қажет.