Бүгінгі күні облыста туберкулездің эпидемиологиялық ахуалы тұрақты. 2026 жылдың 2 айында туберкулезбен сырқаттанушылық былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда 1,33% төмендеді (45-тан 36-ге) көрсеткіші 5,52 құрады.
Эпидемиологиялық қолайсыздықты Ескелді, Панфилов аудандары мен Талдықорған қаласы қамтып отыр. Балалар мен жасөспірімдер арасында сырқаттанушылық тіркелген жоқ.
Туберкулезді алдын алу үшін оның қандай ауру екенін, белгілерін, алдын алатын әдістерін білуіміз қажет.
Туберкулез – туберкулез микобактерияларымен шақырылатын, көбіне ауа-тамшылы жолмен таралатын жұқпалы ауру. Туберкулез адам ағзасында жиі өкпені зақымдайды; сондай-ақ лимфа бездері, ішек, бүйрек, жыныс ағзалары, көз, сүйек, буын, ми, ми қабықшасы және басқа да ағзалар мен мүшелер зардап шегеді.
Аурудың жұғу көзі — белсенді өкпе туберкулезімен науқастанған адам. Науқас жөтелу, сөйлеу, түшкіру кезінде ауаға көптеп бактерияларды бөледі. Құрамында туберкулез қоздырғыштары бар ұсақ аэрозольдар ауада қалқып 1-1,5 сағатқа дейін сақталады, яғни желдетілмейтін бөлмеде қоздырғыш сау адамның ағзасына енуі мүмкін.
Туберкулезге әртүрлі адамдар әртүрлі дәрежеде сезімтал болып келеді, бірақ жиі иммундық жүйесі әлсіреген адамдар ауырады.
Оған қандай факторлар факторлар әсер ететінін атап өтейін:
- жеткіліксіз немесе құнарсыз тамақтану;
- уытты заттар (шылым, алкоголдік ішімдіктер, есірткі) пайдалану;
- қосалқы аурулары бар адамдар туберкулез ауруына бейім (адам иммунтапшылық вирусы жұқпасымен, қант диабеті, асқазан мен он екі елі ішектің ойық жарасы, ұзақ уақыт гормоналды препараттарын қабылдайтын науқастар) ;
- сонымен бірге стресстер. Стресс және депрессияның ағзаның иммундық жүйесіне кері әсерін тигізетіні дәлелденген.
Туберкулездің алғашқы белгілері:
— 2-3 аптадан аса ұзақ жөтел;
— тәбеттің болмауы;
— дене салмағының төмендеуі;
— жалпы әлсіздік, жайсыздық, тершеңдік (әсіресе түнгі уақытта);
— жұмысқа қабілеттің төмендеуі, шаршау;
— дене қызуының кезеңді жоғарылауы;
— кеуде тұсының ауруы.
Осындай белгілердің ең болмаса біреуі байқалса, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет. Туберкулез ауруы неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым одан тезірек айығуға болады.
Туберкулезді анықтау әдістері:
- Жыл сайынғы флюорографиялық тексерулерден өту — өкпе туберкулезі және кеуде қуысы органдарының басқа да ауруларын анықтаудың сенімді және қауіпсіз әдісі.
- Балалар арасында туберкулезді ерте анықтау мақсатында терішілік аллергиялық сынама туберкулин (Манту сынамасы) қолданылады, Манту сынамасына «оң» нәтиже берген балалар «Диаскинтест» арқылы тексеріледі, ол баланың ағзасында туберкулез ауруының бар-жоқтығын көрсетеді.
- Сондай-ақ, қоздырғышты анықтау үшін қақырықты микроскопиялық жолмен (микроскоп арқылы) зерттейді.
- Genexpert — туберкулезді ауруын анықтайтын салыстырмалы түрде жаңа, автоматтандырылған, жылдам диагностикалау әдісі. Бұл әдіспен қақырық, жұлын сұйықтығы, плевра сұйықтығы, зәр сынамасына талдау жасауға болады.
Алдын алу шаралары:
- Вакцинация – БЦЖ вакцинасы қолданылады. Туберкулезге қарсы екпе перзентханада Ұлттық күнтізбеге сәйкес 0-4 күн аралығында жасалады. Аталған екпеден ата-аналардың бас тартуы да кездеседі. Екпе баланы туберкулездің асқынған, өлімге әкелетін түрлерінен сақтайтынын ұмытпаған жөн.
- рационалды, толыққанды тамақтану;
- дене шынықтыру, спортпен шұғылдану,
- темекі шегуден, есірткіден бас тарту, алкогольді қабылдауды шектеу,
- еңбек және демалыс режимін сақтау,
- стресстен, депрессиядан, жағымсыз эмоциялардан сақтану.
- тазалықты сақтау (ылғалды жинау, жөтел этикетін сақтау).
Денсаулықтарыңыз мықты болсын! Ауырмаңыздар!
Индира Кунбасова,
Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары.