Жетісу облысында жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және жасанды интеллект құралдарын қолдану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жаңа ауқымды жоба басталды. «Жетісу облысы жастарының жасанды интеллектіні қолдану мәдениеті мен цифрлық сауаттылығын дамыту» деп аталатын білім беру бастамасын «Жетісу жастары ұйымының Конгресі» ЖҚБ төрағасы Дәулет Ауданбаев және Жетісу облысы Қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Жанерке Бексеитова ресми түрде таныстырды.
Сәуір мен қазан айлары аралығында жүзеге асырылатын бұл жоба қазіргі цифрлық дәуір талаптарына сай жастардың технологиялық дағдыларын жетілдіруді көздейді. Негізгі мақсат – өңір жастарына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды тиімді әрі жауапты қолдану бойынша кешенді білім беру. Бағдарлама аясында қатысушылардың сыни ойлау қабілеті, ақпараттық қауіпсіздік, цифрлық этика және практикалық машықтары дамытылады.
Жоба төрт негізгі кезеңнен тұрады: тұжырымдама мен әдістемелік материалдар әзірленетін дайындық кезеңі, білім беру ұйымдарындағы түсіндіру кездесулері, БАҚ пен әлеуметтік желілердегі ақпараттық сүйемелдеу және қатысушылардың білімін бағалаумен аяқталатын қорытынды кезең. Жобаның басты ерекшелігі – теориялық біліммен қатар нақты цифрлық құралдармен жұмыс істеуге басымдық берілуінде.
Оқыту шаралары Жетісу облысының 8 ауданы мен 2 қаласында көшпелі форматта ұйымдастырылып, әр іс-шараға кемінде 100 жас қатысады деп жоспарлануда. Бағдарлама шеңберінде жасанды интеллект негіздері, күнделікті өмірдегі AI құралдары, дербес деректерді қорғау, медиасауаттылық және фейк ақпаратты анықтау сынды өзекті тақырыптар қамтылады. Сонымен қатар жастар стартап идеяларды дамыту бойынша тәжірибе алмасады.
Ауқымды бастаманың соңында кемінде 100 қатысушыны қамтитын облыстық хакатон өткізіледі. Технологиялық сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, белсенді қатысушыларға сертификаттар табысталады. Бұл бастама өңір жастарының кәсіби және тұлғалық дамуына жаңа серпін беріп, заманауи мүмкіндіктерге жол ашпақ.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *