Талдықорғанда 63 жастан асқан зейнеткерлер арасында бильярдтан XV халықаралық турнир өтті. Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновті еске алуға арналған дәстүрлі біріншілікке Қазақстанның бірнеше қаласы мен Қырғызстаннан келген спортшылар қатысты. Екі күнге созылған жарыста қатысушылар командалық және жекелей сында бақ сынады.

Халықаралық турнирді «Жетісу облысының бильярд спорты федерациясы» қоғамдық бірлестігі Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің қолдауымен ұйымдастырды. Жарыс «Аристократ» бильярд клубында өтті.

Біріншілікке Алматы қаласынан «Алатау Алматы», «Gaber», «Медео», Шымкенттен «Тұран», «Ордабасы», Талдықорғаннан «Жетісу 1», «Жетісу 2» және Қырғызстанның Бішкек қаласынан «Ала Тоо» командалары қатысты. Спортшылар «Мәскеу пирамидасы» ережесі бойынша өзара мықтыны анықтады.

Жарыстың бас төрешісі Жақсығұл Мырзахметов әр ойынның әділ өтуін қадағалап, қатысушылардың шеберлігін бағалады.

Командалық есепте Алматы қаласының «Gaber» командасы жеңімпаз атанып, бірінші орынды иеленді. Екінші орын «Алатау Алматы» командасына бұйырса, үшінші орын Талдықорғанның «Жетісу 1» командасына берілді.

Жекелей сында Қырғызстан өкілі А. Аликов үздік шығып, бірінші орынды жеңіп алды. Алматылық Қайрат Сұлтанбеков екінші орынға тұрақтаса, шымкенттік А. Маханов пен алматылық Н. Шубаев үшінші орынды өзара бөлісті. Барлық жүлдегер ақшалай сыйлықпен марапатталды.

«Жетісу облысының бильярд спорты федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Тоқтар Есімовтің айтуынша, биылғы турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тәжірибелі спортшылардың шеберлігін көрсетуіне мүмкіндік берген.

«Ұйымдастырушылардың қатарында турнирге демеушілік жасаған Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбековке ерекше ризашылық білдіргім келеді. Себебі зейнеткерлердің қоғам өміріне белсенді араласып, саламатты өмір салтын ұстануына ең алдымен серпін беріп, құлшындыру керек-ақ. Сол тұрғыдан алғанда турнирге қаржылай әрі рухани демеу жасаған жанның жақсылығын айту парыз деп есептеймін. Сондықтан Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесі өзге ұйымдарға үлгі бола алады. Шыны керек, жасы 63-тен асып кеткен жандар қоғамның дұрыс жолмен жүруіне ықпал етіп, өскелең ұрпақтың санасын тәрбиелеуге септігін тигізеді. Меніңше, бұдан артық жақсылық болмайды», – деді Тоқтар Есімов.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, Нұрмолда Алдабергеновті еске алуға арналған халықаралық біріншілік алдағы уақытта да жалғасын табады.

Жалпы, мұндай спорттық кездесулер ардагерлердің белсенді өмір салтын сақтауына, өзара тәжірибе алмасуына және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ықпал етеді. Жастың ұлғаюы спортқа деген қызығушылыққа кедергі емес екенін дәлелдеген қатысушылар бұл жолы да бильярд үстелінде нағыз шеберлік пен сабырдың үлгісін көрсетті.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *