Текелі қалалық Мәдениет үйінде орналасқан №447 референдум учаскесіне дауыс беруге келген Гүлнар Болатбекқызы Тутенованы жағымды тосынсый күтіп тұрды.
Азаматтық парызын орындауға келген қала тұрғынын учаскелік комиссия мүшелері 50 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, арнайы сый-құрмет көрсетті. Мерейтой иесіне гүл шоқтары табысталып, жылы лебіздер айтылды.
Өз кезегінде Гүлнар Болатбекқызы бұл күннің өзі үшін ерекше есте қалатынын атап өтті.
«Мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі үшін дауыс бердім. Бұл референдум мен үшін ұмытылмас күн болды. Құшағым гүлге толды. Осындай береке-бірлігімізге сызат түспесін», – деді ол.
Айта кетейік, Текелі қаласының тұрғындары референдумға белсенді қатысып, ел болашағына бейжай қарамайтындарын көрсетуде.