Бүгін Текелі қаласына қарасты Рудничный ауылдық округіндегі №456 референдум учаскесінде ерекше мерекелік атмосфера орнады. Ауыл ақсақалдары мен әжелеріміз сайлау учаскесіне ұлттық киіммен келіп, елдік істегі бірауыздылық пен парасаттылықтың озық үлгісін көрсетті. Сән-салтанаты келіскен қарияларымызды көрген ауыл тұрғындары аға буынның бұл қажыр-қайратына тәнті болып, оларды өздеріне үлгі тұтты.
Бұл маңызды қадамға үн қосып, жұбайы Айғалиша апаймен бірге дауыс беруге келген 73 жастағы ауыл ақсақалы Орынбай Мәулембайұлы ақжарма тілегін білдірді:
«Кеше ғана Көрісу күнін тойлап, Наурыз мейрамын бастап кеттік. Ұлыс тойының бір сәні — ұлттық киім, сондықтан біз де бүгін ерекше киініп келуді жөн көрдік. Мен бүгін өзім үшін ғана емес, немерелерім мен өскелең ұрпақтың бақытты болашағы үшін дауыс бердім. Еліміздің тізгінін ұстайтын білімді де қайратты жастарымызға сенемін», — деп ақ батасын берді.
Қариялардың бұл қадамы тек дауыс беру емес, келер ұрпаққа деген аманат пен егемен еліміздің ертеңіне деген үлкен сенім. Аталардың ақ батасы қабыл болып, еліміздің іргесі берік болсын!