Жетісу облысында әділет органдарында «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында цифрлық жобалар сәтті іске асып, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Бұл туралы Жетісу облысы Әділет департаментінің басшысы Жандос Бексұлтан БАҚ өкілдерімен кездесуде баяндады.
Құқықтық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында облыс бойынша 98 «Құқық кабинеті» ашылды. Бұл кабинеттер негізінен шалғай ауылдардағы клубтар мен әкімшілік ғимараттарда, «Egov» бұрыштарының базасында орналасқан. Онда азаматтар «Әділет» және «Заң» ақпараттық жүйелерін тегін пайдаланып, мамандардан кеңес алуда. Өткен жылы бұл кабинеттерге 570-тен астам адам жүгінсе, жалпы алғанда жыл бойы өткізілген 25 кеңес беру іс-шарасы аясында 2 мыңнан астам тұрғынға құқықтық бағыт-бағдар берілді.
«Цифрлық Әділет» жобасы аясында ең көп сұранысқа ие қызметтердің бірі – «Е-нотариат» жүйесі болды. Енді Жетісу тұрғындары видеоқоңырау арқылы үйден шықпай-ақ, сенімхаттар мен ерлі-зайыптылардың келісімін рәсімдей алады. Қауіпсіздік үшін биометриялық сәйкестендіру және екі факторлы аутентификация қолданылады. Осы жүйенің игілігін көрген облыс тұрғындары онлайн форматта 1000 астам сенімхат пен 372 келісімді заңды түрде бекітті. Сонымен қатар, «E-ZanKomegi» жүйесі мен мобильді қосымшасы арқылы азаматтар 59 адвокат пен заң кеңесшісінің білікті көмегіне қол жеткізді».
Сот актілерін орындау саласындағы революциялық жаңалық – «Робот сот орындаушысы» болды. 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұлдарды өндіруді енді автоматтандырылған жүйе жүзеге асырады. Бұл азаматтарды жеке сот орындаушысына төленетін 25% қызмет ақысынан босатып, облыс бойынша тұрғындардың 82 млн теңгесін үнемдеуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, құжаттарды апостильдеу қызметі де толықтай цифрлық форматқа ауысты. Жыл басынан бері 1390 құжатқа апостиль қойылса, оның 267-сі электронды түрде рәсімделген.
2026 жылы Әділет министрлігі жасанды интеллект негізіндегі чат-ботты және «Тараптар кабинеті» цифрлық құралын толық іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жүйелер заңнамалық база бойынша 24/7 режимінде тегін кеңес беріп, атқарушылық істердің ашықтығын қамтамасыз етпек.
Бүгінгі таңда өңірдегі 109 жекеше нотариус 320 мыңнан астам іс-әрекет жасап, мемлекет қазынасына 209 млн теңгеден астам салық аударды. Ал адвокаттар мен заң кеңесшілері 4600-ден астам азаматқа мемлекет кепілдік берген тегін заң көмегін көрсетіп, әлеуметтік жауапкершіліктің биік үлгісін танытты.