Жетісу облысында жастар арасында нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «Narco Hackathon — жастардың инновациясы» атты аймақтық хакатон ұйымдастырылды. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты — жастар арасында есірткіге қарсы саналы көзқарас қалыптастыру, зиянды әдеттердің алдын алудың тиімді жолдарын заманауи цифрлық шешімдер мен әлеуметтік жобалар арқылы ұсыну, сондай-ақ жастардың әлеуметтік жауапкершілігі мен азаматтық белсенділігін арттыру болды.
Сонымен қатар, хакатон қатысушылардың IT саласына, инновация мен технологияға деген қызығушылығын дамытуға бағытталды. Іс-шара барысында қатысушылар нашақорлықтың алдын алуға арналған цифрлық өнімдер, мобильді қосымшалар мен әлеуметтік жобалар әзірлеп, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттаудың тың тәсілдерін ұсынды. Командалық жұмыс форматында өткен хакатон жастардың жобалық ойлау, креативті шешім қабылдау және өз идеяларын көпшілік алдында қорғау дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді. Хакатонға өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждерден құралған 8 команда қатысып, есірткіге қарсы профилактикаға бағытталған өз жобаларын ұсынды. Қатысушылардың жұмыстарын бағалау Жетісу облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының майоры Мырзакулов Дастан Маликжановичтің қатысуымен өтті. Қазылар алқасының мүшесі ретінде ол жастармен кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, жобаларды жетілдіруге қатысты маңызды ұсыныстар берді.
Хакатон қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей анықталды:
І орын — «Help Hand» командасы
ІІ орын — «One Two Group» командасы
ІІІ орын — «Game Over» командасы
Жеңімпаз командалар дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, олардың нашақорлықтың алдын алуға бағытталған белсенді бастамалары жоғары бағаланды.
«Narco Hackathon — жастардың инновациясы» — жастардың әлеуетін біріктіріп, қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі саналатын нашақорлықпен күреске инновациялық әрі тиімді шешімдер ұсынған маңызды алаң ретінде өз жұмысын сәтті аяқтады.