Жетісу облысында еңбек ететін жастар арасында салауатты өмір салтын кеңінен дәріптеу мақсатында «BZR league» атты шағын футболдан ауқымды турнир өткізілді. Турнирдің басты мақсаты – жастарды бұқаралық спортқа тарту, шағын футболды танымал ету, дене белсенділігін арттыру арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру, сондай-ақ жұмыспен қамту және кәсіпкерлік бағытындағы өзекті ақпараттарды қамтитын тиімді коммуникациялық алаң құру болды.
Жарысқа базарлар мен көтерме сауда орталықтарында, супермаркеттер мен сауда желілерінде, сондай-ақ әртүрлі сауда нүктелерінде еңбек ететін жастар қатысты. Қатысушылар жұмыс уақытынан тыс мезгілде спорт алаңында бас қосып, ашық әрі әділ бәсеке аясында командалық ойын шеберліктерін көрсетті және өзара тәжірибе алмасты. Бұл бастама жастардың кәсіби қызметтен тыс ортада жаңа байланыстар орнатып, серіктестік пен достық қарым-қатынастар қалыптастыруына мүмкіндік берді. Турнирге жалпы саны 50 жас қамтылды.
Жобаның негізгі міндеттері – жастар арасында спорттық мәдениет пен белсенді өмір салтын қалыптастыру, еңбек ететін жастардың бос уақытын тиімді әрі мазмұнды ұйымдастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ тәртіптілік, жауапкершілік және командалық бірлікті дамыту.
Турнир барысында командалар алдымен топтық кезеңде бақ сынап, одан кейін іріктеу ойындарына өтті. Қорытынды матчтар өте тартысты және қызықты өтті. Жарыс нәтижесінде үздік командалар анықталып, жеңімпаздарға арнайы дипломдар табыс етілді: І орын – «Шаған», ІІ орын – «Орда», ІІІ орын – «Сұңқар» командасы.
«BZR league» турнирі тек футбол жарысы ғана емес, ол жастардың денсаулығын нығайтып, спортқа қызығушылығын арттыратын, тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыратын, сондай-ақ сауда саласы қызметкерлерінің беделін көтеретін әлеуметтік маңызы жоғары шара болып табылады. Осындай бастамалар арқылы жастар өз әлеуетін толық ашып, қоғамдық өмірге белсенді араласып, достық пен бірлік сезімін нығайтуға мүмкіндік алады.
