Жануарлар дүниесін сақтау, қорғау және ұтымды пайдалану – мемлекеттік экологиялық саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы орайда Жетісу облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы РММ жануарлар дүниесін қорғау саласында бірқатар мемлекеттік қызметтер көрсетуді басым міндеттерінің қатарына енгізген.

Бүгінгі таңда Инспекция екі негізгі мемлекеттік қызмет түрін жүзеге асырады. Оның біріншісі – «Жануарларды интродукциялауды, реинтродукциялауды және будандастыруды жүргізуге рұқсат беру». Аталған қызмет Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 13 мамырдағы № 18-02/434 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес көрсетіледі. Бұл рұқсат жануарлар түрлерін жаңа аумақтарға көшіру, бұрынғы мекендеу ортасына қайта енгізу және будандастыру жұмыстарын заңды әрі ғылыми негізде жүргізуге мүмкіндік береді.

Екінші мемлекеттік қызмет — «Саны реттеуге жататын жануарлар түрлерін алып қоюға рұқсат беру». Бұл қызмет Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № 347 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес көрсетіледі және толық автоматтандырылған. Қызмет көрсетудің бұл түрі жануарлар саны экожүйеге немесе халық қауіпсіздігіне қауіп төндірген жағдайларда реттеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Инспекция электрондық форматта «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер қоры арқылы барлығы 6751 мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның ішінде 1249 қызмет оң нәтижемен аяқталды. Ал 5502 қызмет бойынша уәжді бас тарту тіркелген. Бас тартулардың басым бөлігі «Саны реттеуге жататын жануарлар түрлерін алып қоюға рұқсат беру» қызметі аясында автоматты түрде жүзеге асқан.

Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және азаматтардың хабардарлығын күшейту мақсатында Инспекцияның ресми әлеуметтік желі парақшаларында мемлекеттік қызмет түрлерін алу тәртібі мен жолдары туралы арнайы ақпараттық бейнеролик орналастырылған. Сонымен қатар, Инспекция ғимаратында келушілерге арналған ақпараттық стенд пен өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышыұйымдастырылып, мемлекеттік қызмет алу процесінің қолжетімділігі қамтамасыз етілген.

Мемлекеттік қызметтердің сапалы әрі уақытылы көрсетілуі Инспекция қызметкерлерінің тұрақты бақылауында. Алдағы уақытта да Жетісу облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы цифрландыруды дамыту, ашықтықты арттыру және халыққа қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *