Талдықорған қаласында «Таза Қазақстан» идеологиясы аясында «Ізгілік жолындағы игі іс» тақырыбында әлеуметтік-маңызы бар игі істер акциясы ұйымдастырылды.

Аталған іс-шараны Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік мекемесіне қарасты «Jetisu jastary» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Ұйымдастыру» бөлімі ұйымдастырды.

Акцияның негізгі мақсаты – Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрін насихаттау, сондай-ақ қоғамда мейірім мен адамгершілік құндылықтарды нығайту болып табылады.

Іс-шара барысында облыстық волонтерлік ұйымдардың өкілдері Ұлы Отан соғысының ардагері Ысқақ Әбілпейісұлының шаңырағына арнайы барып, құрмет көрсету мақсатында тағылымды кездесу өткізді. Кездесу барысында волонтерлер ардагердің өмір жолымен, майдан жылдарындағы естеліктерімен танысып, ел мен жер үшін сіңірген ерен еңбегіне алғыстарын білдірді.

Сондай-ақ жастар ардагерден ақ бата алып, рухани тәрбие мен тағылымға қанықты. Акция шеңберінде ардагердің тұрмыстық жағдайына назар аударылып, үй ауласын ретке келтіру, үй шаруашылығына қажетті жұмыстарды атқару арқылы нақты әлеуметтік көмек көрсетілді.

Аталған игі іске Жетісу облысының әр өңірінен келген 15 белсенді волонтер қатысып, әлеуметтік жауапкершілік пен азаматтық белсенділіктің жарқын үлгісін көрсетті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай игі істер акциялары алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, қоғамда қайырымдылық пен ізгілік құндылықтарын дәріптейтін маңызды бастама ретінде жүзеге асырылмақ.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *