Қаңтардың 18-нен 19-на қараған түні православиелік христиандардың дәстүрлі Крещение мерекесі өтеді. Жетісу облысы бойынша азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, өңір аумағында 14 шомылу орны анықталды.
Атап айтқанда, Алакөл және Сарқан аудандарында 3 орын, Қаратал мен Ескелді аудандарында 2 орын, ал Панфилов, Кербұлақ аудандары мен Талдықорған, Текелі қалаларында бір-бірден ресми орындар жабдықталды. Сонымен қатар, Ақсу мен Көксу аудандарында шомылуға рұқсат етілген арнайы орындар қарастырылмағанын ескеру қажет. Бұл аумақтарда құзырлы органдар тарапынан қатаң рейдтік тексерістер жүргізіледі.
Қауіпсіздікті сақтау жұмыстарына Жетісу облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің 91 маманы мен құтқарушылары жұмылдырылып, оларға полиция, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және дін істері басқармаларының қызметкерлері қолдау көрсетеді. Мамандар суға түсу кезінде тек ресми бекітілген, құтқарушылар мен медиктер кезекшілік ететін орындарды ғана пайдалануды, ішімдік ішпеуді және балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмауды сұрайды. Сондай-ақ, созылмалы жүрек, бүйрек аурулары бар немесе қан қысымы жоғары азаматтарға мұздай суға түсуден бас тарту ұсынылады. Шомылу орындарының нақты мекенжайларын жергілікті шіркеулерден, әкімдіктерден немесе ТЖД бөлімдерінен нақтылауға болады.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *