Жетісу облысында тұрғын үй кезегінде 43 мыңнан астам адам тұр, олардың 20 мыңға жуығы облыс орталығында тіркелген.Қазіргі таңда 470 пәтерді бөлуге дайын. Олар «Отбасы банк» АҚ арқылы кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Жыл ішінде пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін ұлғайту жоспарлануда.
Жаңа жыл қарсаңында алғашқы 49 отбасы пәтер кілттерін алды.
Тұрғын үй «Жалға берілетін тұрғын үй» бағыты бойынша, есепке қою күніне, азаматтардың санатына және табыс деңгейіне қарай бөлінеді. Үш және одан да көп адамнан тұратын отбасылар үшін жан басына шаққандағы табыс 2 ең төменгі күнкөріс деңгейінен, ал екі адамға дейінгі отбасылар үшін 3,5 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. 2026 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі шамамен 51 мың теңгені құрайды.
Тұрғын үйді бөлу кезінде ардагерлерге, жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар адамдарға, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға, сондай-ақ жесірлерге басымдық беріледі. Бұл санаттарға тұрғын үйдің кемінде 70%-ы, оның ішінде 20%-ы жетім балаларға қарастырылған. Қалған пәтерлер басқа кезек күтушілер арасында бөлінеді.
Тұрғын үйді бөлу кезінде «Отбасы банк» кезекте тұрған азаматтар туралы барлық мәліметтерді мемлекеттік деректер базаларынан алады. Бұл азаматтар үшін ыңғайлы, анықтамаларды жинаудың немесе құжаттарды жүктеудің қажеті жоқ.
Деректерді жедел тексеру және тұрғын үйді әділ бөлу үшін кезекте тұрған азаматтарға orken.otbasybank.kz порталындағы жеке кабинет арқылы жеке деректерді жинау және өңдеуге келісім беру, сондай-ақ egov.kz порталындағы мобильді азаматтар базасында ұялы телефон нөмірін жаңарту қажет.
«Отбасы банк» ұлттық даму институты мәртебесінде тұрғын үйді бөлуді 2025 жылдан бастап жүзеге асыра бастады.
2025 жылдан бастап тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу, кезекке қою және тұрғын үй беру жөніндегі шешімдер «Отбасы банк» АҚ құзыретіне берілген. Қазіргі таңда Талдықорған қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде 20 мыңға жуық азамат тіркелген. 2025 жылдың басынан бері қалада әлеуметтік осал топтарға арналған жүздеген пәтер беріліп, бірқатар жаңа тұрғын үйлер пайдалануға тапсырылды. Тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. 2026 жылға 150 пәтер мен 200 жеке тұрғын үй сатып алу жоспарланған.