Жаңа жыл мерекелік іс-шаралары кезеңінде қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Жетісу облысының аумағында ұйымдастырушылық-практикалық іс-шаралар кешені жүзеге асырылды.
Облыс бойынша қызмет атқаруға барлығы 687 полиция қызметкері және 95 бірлік қызметтік автокөлік жұмылдырылды. Полиция бөлімшелері күшейтілген қызмет режимінде жұмыс істеп, адамдар көп жиналатын орындарға, өмірлік маңызы бар нысандарға және негізгі көлік артерияларына ерекше назар аударды. Мерекелік іс-шаралар барысында қоғамдық-саяси тәртіптің бұзылуына жол берілген жоқ, жалпы жағдай тұрақты болып, толық бақылауда ұсталды.
Сонымен қатар, пиротехникалық бұйымдарды белгіленген талаптарды бұзып пайдаланылған деректер анықталып, аталған фактілер бойынша 80 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Қабылданған шаралар қоғамдық және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ төтенше жағдайлар мен қоғамдық тәртіптің елеулі бұзылуының алдын алуға мүмкіндік берді.
Жаңа жыл және Рождество мерекелері кезеңінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы күшейтілген жұмыс режиміне көшті.
31 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында облыс аумағында ірі төтенше жағдайлар тіркелген жоқ.
Дегенмен, 2 қаңтарда Кербұлақ ауданы Сарыбастау ауылдық округінің мал қыстауында өрт шығып, бір адам қаза тапты.
7 қаңтарда Талдықорған қаласының Қаратал шағын ауданында болған өртті сөндіру барысында сегіз адам, соның ішінде жеті бала құтқарылды. Қаза болғандар жоқ. Өрт сөндіру-құтқару жұмыстары жедел әрі тиісті деңгейде жүргізілді.
Сонымен қатар, облыс жолдарында сегіз авариялық-құтқару операциясы өткізіліп, қар құрсауында қалған 28 азаматқа көмек көрсетілді.