Жетісу облысында «NEET және ауыл жастарының жұмыспен қамтылуына бағытталған орталық қызметін ұйымдастыру» жобасы табысты түрде аяқталды.
Орталық КММ «Jetisý jastary» қолдауымен жұмыс істеп, Талдықорған қаласында орналасқан. Жобаны іске асыру кезеңінде Орталық өңірдегі NEET және ауыл жастарына жүйелі қолдау көрсететін маңызды әрі тұрақты алаңға айналды.
Жобаның негізгі мақсаты — NEET және ауыл жастарын қолдаудың тиімді платформасын қалыптастыру болды. Осы бағытта жастарға телефон арқылы ақпарат беру, бос жұмыс орындары, мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар туралы мәлімет ұсыну, кәсіби бағдар беру, кәсіби және soft skills дағдыларын дамыту, сондай-ақ жастарды өңірдің қоғамдық және экономикалық өміріне тарту жұмыстары жүргізілді.
Жоба аясында NEET-жастардың тізімі бойынша 12 мыңнан астам телефон қоңырауы шалынды. Нәтижесінде 862 жас азамат жұмыспен қамтылуға және оқуға қызығушылық танытып, жеке консультациялар алды. 2025 жылғы маусым–қараша айлары аралығында 1 894 бос жұмыс орнын қамтитын өзекті база қалыптастырылды. Мемлекеттік бағдарламалар мен жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл нәтижесінде түрлі қолдау құралдарын пайдалана отырып, 3 000 жас жұмыспен қамтылды.
Сонымен қатар жоба аясында қосымша бағыттар да жүзеге асырылды. 2025 жылғы қараша айында IT HUB орталығымен бірлесіп мобилография бойынша қысқамерзімді курстар ұйымдастырылып, оны 33 жас сәтті аяқтады. Сондай-ақ өз бетінше табыс табу дағдыларын дамыту мақсатында аспаздық, қолөнер, кәдесый өнімдерін жасау және анимациялық костюмдер тігу бағыттары бойынша 13 шеберлік сабағы өткізілді.
Орталықтың жүйелі жұмысы мен серіктестік аясында өткізілген іс-шаралардың нәтижесінде 2025 жылдың үшінші тоқсанында Жетісу облысында NEET-жастар үлесі 7,5 %-ға дейін төмендеп, олардың саны 7 219 адамнан 3 939 адамға дейін қысқарды.