Қоғамдық сананы жаңғырту мен құқықтық мәдениетті дамыту бағытында Жетісу өңірінде маңызды шаралар жүзеге асуда. Солардың бірі – «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында «Жетісу жастары» орталығында өткен «Құқық және қоғам» атты мазмұнды семинар.
Іс-шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрмет сезімін қалыптастыру, әділдік пен азаматтық жауапкершілік құндылықтарын дәріптеу болды. Семинар барысында қатысушылар қоғам мен заңның өзара байланысын, құқықтық мәдениеттің қоғамдық дамудағы рөлін және әділетті қоғам құру жолындағы жастардың жауапкершілігін талқылады.
Шараға спикер ретінде Жетісу облысы ПД ЖПҚБ ювеналдық полициясының, облыстық Әділет басқармасының және прокуратураның өкілдері қатысып, жастармен ашық пікір алмасып, заң үстемдігін қамтамасыз ету мен құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы жөнінде өз тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар соңында қатысушылар Kahoot платформасында өткен интерактивті құқықтық ойында өз білімдерін сынап, ең белсенді қатысушы арнайы сыйлықпен марапатталды. Іс-шара жылы ықыласта қорытындыланып, қатысушылар «Әділетті қоғамның негізі – заңға құрмет пен жауапкершілік» ұранымен естелік суретке түсті.
