Қаратал ауданының әкімі Ұлан Досымбеков брифинг барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі нәтижелері мен алдағы жоспарлар туралы айтты. Оның айтуынша, ауданда Президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау бойынша жұмыстар жалғасуда.

Жыл басынан бері аудан экономикасына шамамен 68 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Іске асырылған 18 жоба аясында 300-ден астам жаңа жұмыс орны құрылған. Аграрлық салада да айтарлықтай өзгерістер бар: ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 536 млн теңге субсидия беріліп, техника паркі жаңартылуда.

Соңғы үш жылда 87 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның бір бөлігі конкурс арқылы фермерлерге бөлінді. Сонымен қатар, су шаруашылығы нысандары жаңғыртылып жатыр. Жұмыстар аяқталған соң 10 мың гектардан астам жерге су жеткізу тұрақталады деп күтілуде.

Инфрақұрылым саласында да оң өзгерістер бар. 2022 жылдан бері 170 шақырымнан астам жол жөнделіп, 21 елді мекенде көше жарығы орнатылған. Кәсіпкерлікті қолдау басым бағыттардың бірі болып қала береді: биылдың өзінде 37 бизнес-жоба 687 млн теңгеден астам мемлекеттік қолдау алған.

Әлеуметтік салада да ілгерілеу байқалады. Ауданда мектептер мен медициналық мекемелер салынуда. Ауылдық жерлерге дәрігерлерді тарту мақсатында мамандарға 10 млн теңгеге дейін әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Соңғы уақытта 4 мәдениет үйі мен 7 спорт нысаны пайдалануға берілді.

Бұдан бөлек, 2,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 15 жаңа үй берілді, отын және азық-түлік түрінде көмек көрсетілді.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жедел басқару орталығы ашылып, 77 бейнебақылау камерасы орнатылған.

Әкімнің айтуынша, Қаратал ауданында халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *