Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Панфилов ауданы, Жаркент қаласындағы Головацкий атындағы Мәдениет үйінде «Қоғамдық келісім» КММ-нің Панфилов аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты 14-18 жас аралығындағы өзге ұлт өкілдері арасындағы көркемсөз оқу байқауы өтті. Аталған байқаудың басты мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейлі мерекесі аясында мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесін арттыру, жастардың ана тілімізге деген қызығушылығын оятып, қазақ әдебиеті мен ұлттық құндылықтарға сүйіспеншілік қалыптастыру. Сонымен қатар, көркемсөз оқу арқылы жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін шыңдап, ел ішіндегі бірлік пен татулықты, өзара сыйластықты нығайтуға үлес қосу көзделді. Байқау екі кезеңнен тұрды: бірінші кезеңде қатысушылар кәсіби форматта дайындалған, үш минуттан аспайтын қысқаметражды бейнебаян ұсынды. Бұл бейнематериалда қатысушының аты-жөні, оқу немесе жұмыс орны туралы мәліметтер беріліп, фондық музыка мен бейне-сапасына баса назар аударылды. Екінші кезеңде үміткерлер мемлекеттік тіл туралы поэзиялық шығармаларды мәнерлеп оқыды. Қатысушылардың сахна мәдениеті, тақырыпқа сай киім үлгісі және көркемсөз оқу шеберлігі де әділқазы алқасының бағалау өлшемдеріне енді. Байқауға аудандық Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесінің мүшелері, Ардагерлер мен этномәдени бірлестік өкілдері, сондай-ақ аудан жастары мен мектеп оқушылары қатысты. Жиын барысында этномәдени орталықтардың қолөнер бұйымдары мен жәдігерлерінен арнайы көрме ұйымдастырылып, шараның мазмұнын арттыра түсті. Қатысушылар қазақ тіліне деген құрметтерін көрсетіп қана қоймай, оны кеңінен насихаттау арқылы ұлт бірлігіне, мәдени татулық пен достыққа өз үлестерін қосты. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар әділқазылар шешімімен анықталып, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *