Жетісу облысында тарифтік саясатты жетілдіру және энергетика мен коммуналдық секторды жаңғырту шаралары қолға алынды. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылуда.
«2025-2029 жылдарға арналған энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында әртараптандырылған қаржыландыру, ашық сатып алу, отандық өндірушілерді қолдау және цифрлық бақылау тетіктері енгізілуде. Жобаның мақсаты – инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңартып, халыққа сапалы әрі сенімді қызмет ұсыну.
Облыстағы жылу, электр және су жүйелерінің тозу деңгейі жоғары. Мәселен, жылу желілерінің тозуы 50 пайызға жуық болса, электр желілерінде 90 пайызға жеткен. Ұлттық жоба аясында алдағы бес жылда 70 млрд теңгеге жуық инвестиция құйылып, 1300 шақырымнан астам желі жөнделеді. Нәтижесінде негізгі инфрақұрылымның тозуы 10-20 пайызға төмендемек.
2026 жылдан бастап жобаларға «ТАЭТК» АҚ, «Талдықорғантеплосервис» КМК және «Жетісу Су арнасы» секілді ірі кәсіпорындар қатысады. Олардың іске асыратын жобаларының жалпы құны 14 млрд теңгеден асады.
Бүгінде департаментке 100-ден астам өтінім түсіп, үш инвестициялық бағдарлама бекітілді. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында «Жетісу су құбыры» мен «ТАЭТК» кәсіпорындары қосымша қаржы тартып, желілерді жаңартуға кірісті. Соның нәтижесінде электр энергиясын тасымалдау тарифі шамалы өсті, бірақ бұл қаржы тікелей инфрақұрылымдық жұмыстарға жұмсалмақ. Әлеуметтік осал топтар тариф өсімінен тұрғын үй көмегі арқылы қорғалады.
Жылдың алғашқы жартысында тұрғындардан 99 өтініш түсіп, олардың үштен бірі оң шешімін тапты. Уақытша өтемдік тариф арқылы 240 млн теңгеден астам қаражат тұтынушыларға қайтарылды.
Департамент табиғи монополиялар субъектілерінің қызметіне тұрақты бақылау жүргізуде. Биыл 19 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 20 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Жетісу облысында тарифтік саясат ашықтық пен жариялылық қағидаттарына сүйене отырып жүргізілуде. Ұлттық жобаның нәтижесінде аймақтың жылу, су және электр инфрақұрылымы біртіндеп жаңарып, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасы айтарлықтай артады.
