Студент жастар үшін ерекше танымдық әрі кәсіби бағыт-бағдар беретін іс-шара — «Энергетик болу – болашақ мамандық!» атты экскурсия «ТАТЭК» акционерлік қоғамымен бірлесе ұйымдастырылды. Бұл бастама «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қолға алынып, болашақ жас мамандарға энергетика саласының маңыздылығы мен ерекшеліктерін тереңірек түсіндіруді мақсат етті. Экскурсия «ТАТЭК» АҚ оқу залында басталып, қатысушылар үшін арнайы дайындалған бағдарлама аясында өндірістік нысандар мен жұмыс аймақтарына саяхат ұйымдастырылды. Жастар нақты жұмыс барысын көзбен көріп, заманауи технологиялармен, жабдықтармен танысты. Энергетика саласының өзекті мәселелері, электр энергиясының өндірілуі мен таралу жүйелері, қауіпсіздік стандарттары мен технологиялық шешімдер туралы түсінікті әрі әсерлі түрде ақпарат берілді. Арнайы муляждар мен көрнекі құралдар арқылы токтың қозғалыс бағыты, трансформаторлар жұмысы мен желілік жүйелердің құрылымы көрсетілді. Сонымен қатар, компания қызметкерлері өз салалары бойынша жастарға практикалық мысалдармен таныстырылым жасап, Жетісу облысының энергетикалық картасы, жедел әрекет ету қызметтері, төтенше жағдайлардағы әрекеттер, жұмыс тәжірибесінде кездесетін қиындықтар мен олардың шешілу жолдары туралы кеңінен бөлісті. Экскурсия жастардың қызығушылығын оятып, көпшілігі нақты сұрақтар қойып, екі жақты тиімді диалог орнатылды. Кәсіби бағдар беру мақсатында энергетика саласындағы түрлі лауазымдарға орналасу жолдары, қажетті біліктіліктер мен дағдылар туралы да мағлұматтар ұсынылды. Шара соңында, «ТАТЭК» АҚ өкілдері болашақ энергетик мамандарды даярлау мақсатында үш айлық қысқа мерзімді оқыту бағдарламасы жайлы мәлімет беріп, кадрлық резервке алдын ала тіркеу жүргізілді. Бірнеше белсенді студент болашақ қызметке ұсынылатын үміткерлер қатарына енгізілді.