2021 жылы Талдықорғанда балаларға арналған алғашқы мамандандырылған бассейн – «Aquaclub Tomiris» өз жұмысын бастады. Ашылған сәтте бұл орталық 3 айдан 7 жасқа дейінгі балалармен жүйелі түрде жұмыс жүргізетін қаладағы жалғыз балалар бассейні болды. Жоба аз уақыт ішінде ата-аналар мен балалардың зор сұранысына ие болды.
Балаларға арналған орталықты кеңейту қажеттілігі туындаған кезде, кәсіпкер Саят Мұхамеджанов мемлекеттік қолдауға жүгінді. Ол «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауы арқылы «Банк ЦентрКредит» АҚ-нан жеңілдікті шарттармен несие алды. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жүзеге асқан бұл қолдау нәтижесінде, несиенің пайыздық мөлшерлемесі жылдық 8%-ға дейін төмендетілді, ал «Даму» қоры кәсіпкерге кепілзаттың жетіспейтін бөлігіне кепілдік берді.
Алынған қаражаттың арқасында Саят Мұхамеджанов жаңа, кең және заманауи талаптарға сай үлкен бассейн ашты. Қазіргі уақытта бұл орталықта 2 айдан 9 жасқа дейінгі балалар жүйелі түрде жүзу сабағына қатысып жүр. Бассейнде төрт білікті жаттықтырушы жұмыс істейді. Олар балалармен, соның ішінде даму ерекшеліктері бар балалармен жұмыс істеу бойынша қажетті тәжірибеге ие мамандар.
«Aquaclub Tomiris» жобасы – бизнес пен әлеуметтік жауапкершіліктің тоғысқан жарқын үлгісі. Бұл тек коммерциялық жоба ғана емес, сонымен қатар балалардың денсаулығы мен дамуына бағытталған маңызды әлеуметтік бастама. Мемлекеттік қолдаудың арқасында осындай жобалар жүзеге асып, өңірдің дамуына оң үлес қосуда.
