Алакөл ауданының Үшарал қаласында абаттандыру және санитарлық тазалау мақсатында жалпы қалалық сенбілік ұйымдастырылды. Бұл шара қаланың экологиялық ахуалын жақсарту, тазалық мәдениетін қалыптастыру және тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруды көздеді.
Сенбілікке мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, білім беру ұйымдары, денсаулық сақтау мекемелері, коммуналдық кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер мен қала тұрғындары белсене қатысты. Қатысушылардың ұйымшылдығының арқасында қаланың барлық аумағында ауқымды жұмыстар атқарылды.
Жалпы сенбілік барысында орталық көшелер, әлеуметтік нысандардың аумақтары, саябақтар мен скверлер, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары тазартылды. Арнайы техниканың көмегімен жиналған қоқыс шығарылып, қураған шөп шабылды. Сонымен қатар, жасыл аймақтарды абаттандыру, ағаш отырғызу және гүлзарларды ретке келтіру жұмыстары жүргізілді. Қала аумағындағы өзен-көл жағалаулары мен бос жатқан жерлер де тұрмыстық қалдықтардан тазартылды.
Бұл игі бастама «Таза қала – Таза Қазақстан!» ұранымен өтіп, туған жердің келбетін жақсарту жолындағы бірлескен еңбектің маңыздылығын көрсетті. Сенбілікке қатысқан әрбір мекеме мен кәсіпорын өздеріне бекітілген аумақтарда жүйелі жұмыстар жүргізіп, қала тазалығына зор үлес қосты.
Сондай-ақ, сенбілік барысында тұрғындарға экологиялық тәрбие берудің маңыздылығы атап өтіліп, жастарды табиғатты аялауға баулу мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Бұл шара қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті арттырып қана қоймай, қоғамдық бірлікті де нығайтты.
Үшарал қаласының тұрғындары бұл бастаманы қуана қабылдап, ортақ іске белсенді түрде қатысты. Сенбіліктің нәтижесінде қаланың санитарлық жағдайы айтарлықтай жақсарып, көшелер мен аулалардың келбеті жаңарды.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *