«Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында Жетісу облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Сарқытбай Зәкірұлы Құсаиновтың Жетісу облысының жастарымен кездесуі өтті.

Іс-шараның мақсаты — жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қоғамда тәртіп пен жауапкершілік қағидаттарын кеңінен насихаттау. Кездесу барысында Сарқытбай Зәкірұлы жастарға құқықтық тәртіп, заң алдындағы жауапкершілік және құқықбұзушылықтың салдары туралы кеңінен түсінік берді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, интернеттегі қауіпсіздік, киберқылмыстар және қылмыстың басқа да түрлерімен күрес мәселелері жан-жақты талқыланды.

Жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты мысалдар арқылы кәсіби құқықтық кеңестер алды. Сондай-ақ құқықтық көмек алу жолдары түсіндіріліп, заңға құрметпен қарауға бағытталған тәжірибелік ақпарат берілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара — Мемлекет басшысы атап көрсеткен «Заң және тәртіп – әділетті Қазақстанның берік іргетасы» қағидатын жүзеге асырудағы маңызды қадамдардың бірі. Жастармен ашық диалог орнату олардың құқықтық ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, азаматтық жауапкершілігін нығайтады, қоғам өміріне белсенді араласуға ынталандырады. Кездесуге 50-ден астам жас, оның ішінде еріктілер мен жастар ұйымдарының өкілдері, әдеп-құқық жөніндегі менторлар қатысты. Іс-шара сұхбат және пікір алмасу форматында ұйымдастырылып, қатысушылар өз ойларын еркін жеткізіп, ұсыныстарын білдірді.

«Jetisy jastary» КММ-нің «Ұйымдастыру және үйлестіру» бөлімінің бөлім басшысы Айдана Бауыржанқызы өз пікірімен бөлісті.

«Мен үшін бүгінгі кездесу өте пайдалы әрі әсерлі өтті. Әдетте біз заңды тек интернеттен ғана оқимыз, бірақ өмірде кездесетін нақты жағдайлар мен олардың шешу жолдары жайлы осылай тікелей маманнан есту – мүлде басқа тәжірибе екен. Әсіресе Сарқытбай Зәкірұлының сыбайлас жемқорлықпен күрес тақырыбы ұнады. Себебі жемқорлықпен күрес – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың, тіпті біз сияқты жастардың да міндеті екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Бұл үшін білім, адалдық және азаматтық ұстаным қажет», — деді ол.

Жиын соңында қатысушылар мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауатын арттырып, заңға құрмет сезімін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *