Жетісу облысында вегетациялық кезең тұрақты режимде өтіп жатыр, барлық егіс алқаптары суармалы сумен толық қамтамасыз етілген. Су қоймаларының орташа толымдылығы 70%-ды құрайды.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың мәліметінше, биылғы жылы жоспарланған 1 млрд текше метр судың 20 млн текше метрі жиналды. Қалған көлем маусым соңына дейін қамтамасыз етілетін болады.
Сонымен қатар облыста су үнемдеу технологиялары мен әдістері кеңінен қолданылып жатыр. Жоспарда – сегіз жаңа су қоймасын салу. Бір бөгеттің құрылысына қатысты жоба дайындалған. Ислам даму банкі арқылы екі жоба іске асырылуда. Бұдан бөлек, екі жоба республикалық бюджеттен, тағы екеуі жергілікті бюджеттен қаржыландырылып жатыр.