Ақсу қант зауыты — Жетісу өңіріндегі ірі өндірістік кәсіпорындардың бірі. Өткен жылы бұл зауыт елеулі жетістіктерге жетіп, өңірлік сұранысты толық қамтып қана қоймай, ішкі нарықтағы қантқа деген тәуелділікті азайтуға зор үлес қосты.

Былтырғы маусымдық кезеңде зауытта 500-ден астам жұмысшы еңбек етті. Қант қызылшасының негізгі көлемі Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарынан жеткізілді. Қабылдау және өңдеу жұмыстары 6-7 айға созылып, зауыт үздіксіз жұмыс режимін қамтамасыз етті.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруаларға бір тонна өнімге 40 000 теңге төленді. Оның ішінде 25 000 теңгесі субсидия, ал қалған 15 000 теңге зауыт есебінен берілді. Бұл шаралар фермерлердің қант қызылшасын өсіруге деген ынтасын арттырып, өнім көлемін ұлғайтуға үлкен әсер етті.

Зауыт тек қант өндіретін орын ғана емес, аймақ экономикасының қозғаушы күшіне айналды. Қазір зауыттың автоматтандырылуы мен өндірістік желілерін жаңарту жұмыстары қолға алынып жатыр. Бұл жаңғырту зауыттың жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуіне жағдай жасайды.

Биыл зауыт 350 мың тоннадан астам тәтті түбір қабылдауды жоспарлап отыр. Бұл өңірде қант қызылшасын өңдеу қуатын 800–900 мың тоннаға дейін жеткізуге бағытталған. Осы мақсатта маусымдық жұмыстарға арналған барлық өндірістік желілер қайта қаралып, техникалық жабдықтар толық тексеруден өткізілді.

Осыған орай қант қызылшасының егіс алқаптары едәуір ұлғайған. Бұл шешім зауыттың өңдеу қуатымен үйлестіріле қабылданды. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тұқыммен, тыңайтқышпен, жанар-жағармаймен, техникамен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, жанар-жағармай, тұқым мен тыңайтқышқа жеңілдетілген қаржыландыру және әкімшілік жеңілдіктер қарастырылған.

Ақсу қант зауыты қантпен қатар қант қызылшасынан алынатын жомды (қалдық құрама) өңдеу ісін де қолға алған. Қазірдің өзінде жомды сақтау және кептіруге арналған арнайы қойма салынды, заманауи құрылғылар орнатылуда. Бұл бағыт зауыттың экономикалық тиімділігін арттырып қана қоймай, мал шаруашылығы үшін де маңызды өнім көзіне айналмақ.

Биыл Ақсу қант зауыты аймақтың ауыл шаруашылығы саласына тың серпін беретін негізгі кәсіпорынның бірі болмақ. Мемлекеттік қолдауға сүйене отырып, өндірісті автоматтандыру, қуаттылықты арттыру және қосымша өнім түрлерін шығару арқылы зауыт өзінің стратегиялық маңызын одан әрі күшейтпек.

Қ. ОМАРАҚЫН
Ақсу ауданы

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *