Көксу ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Аудан әкімі Даулет Халелов білім беру, спорт және тұрғын үй қорын дамытуға бағытталған құрылыс пен жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Мамбет ауылында биылғы мамыр айынан бастап спорт кешені ғимаратында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстарды «EN.com» ЖШС мердігер ұйымы атқаруда.
Жоба аясында ғимараттың ішкі қабырғаларын жөндеу, жылыту жүйесін жаңарту және жаңа қазандық орнату, еден жабындысын ауыстыру, сондай-ақ ғимараттың қасбетін толық жаңарту қарастырылған. Жаңартылған нысан ауыл жастарының бұқаралық спортпен айналысуына және бос уақытын тиімді өткізуіне ықпал етпек.
Лабас ауылдық округінде Жамбыл атындағы жаңа мектептің құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ, осы аттас ауылда әлеуметтік осал топтарға жататын, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін сегіз жалдамалы үйдің құрылысы жүргізілуде. Жобаны іске асыру халықтың әл-ауқатын жақсартуға және мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған.
Аудан әкімі мердігер ұйымдарға жұмыс кестесін қатаң сақтап, құрылыс сапасын қамтамасыз етуді тапсырды. Барлық нысандар аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында.
«Басты мақсат — ауыл тұрғындарының өмір сүруіне, білім алуына және дамуына қолайлы жағдай жасау. Бұл — халық алдындағы біздің жауапкершілігіміз», — деді Даулет Халелов.
Айта кетейік, жүзеге асырылып жатқан жобалар — Көксу ауданының әлеуметтік саласын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі.