2027 жылдан бастап Қазақстан денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың жаңа сақтандыру моделіне кезең-кезеңімен көшуді бастайды. Бұл азаматтар үшін нені білдіреді? Тегін медициналық көмек сақтала ма? Кімге көбірек кепілдік беріледі, ал кімге көбірек төлеуге тура келеді? Осы және басқа да сұрақтарға Жетісу облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалы директорының орынбасары Арыстанбек Өтегұлов жауап берді.
– 2027 жылдан бастап денсаулық сақтау жүйесін қаржыландырудың жаңа моделіне көшу жоспарлануда. Бұл өзгерістердің мәні неде?
– Алдағы өзгерістердің басты мақсаты – денсаулық сақтауды қаржыландырудың сақтандыру моделіне кезең-кезеңімен көшу. Бұл дегеніміз – медициналық қызметтердің шығындарының шамамен 65%-ы азаматтардың, жұмыс берушілер мен мемлекеттің МӘМС жүйесіне төлейтін жарналары мен аударымдары есебінен, ал қалған 35%-ы кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында бюджет қаражаты есебінен жабылады. Мұндай модель саладағы қаржылық тұрақтылықты және қаражатты пайдаланудағы ашықтықты қамтамасыз етеді.
– Жақын арада халық үшін не өзгереді?
– 2026 жылдан бастап Бірыңғай медициналық көмек пакеті енгізіле бастайды. Бұл әлеуметтік маңызы бар ауруларды, соның ішінде онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау кепілдіктерін кеңейтеді. Маңыздысы – онкоскринингтер Қазақстанның барлық азаматтарына, олардың сақтандыру мәртебесіне қарамастан, қолжетімді болады.
Сонымен қатар, сақтандырылмаған азаматтар базалық медициналық қызметтер пакетіне қол жеткізе алады: бастапқы медициналық көмек, вакцинация, скринингтер, шұғыл және жедел жәрдем, жұқпалы ауруларды емдеу, паллиативтік көмек және т.б.
– Халық үшін жарна мөлшері өседі ме?
– Жоқ, қызметкерлер мен жұмыс берушілер үшін жарна мөлшерлемесі бұрынғы деңгейде қалады. Өзгерістер тек жарна есептелетін табыстың жоғарғы шегіне қатысты. 2026 жылдан бастап бұл шек: қызметкерлер үшін – 20 ең төменгі жалақыға (ЕТЖ) дейін және ең жоғары аударымдар айына 34 мың теңгені құраса, жұмыс берушілер үшін – 40 ЕТЖ дейін ұлғайып, ең жоғары аударымдар айына 102 мың теңге болады.
Бұл жүйені әділеттірек етеді. Себебі бүгінде жоғары табысы бар азаматтар салыстырмалы түрде аз төлейді.
– Бұл өзгеріс қанша қазақстандыққа әсер етеді?
– Өзгеріс тек 20 мыңға жуық қызметкерге (елдегі жалдамалы жұмысшылардың 0,36%-ы) әсер етеді – олардың жалақысы 3,4 млн теңгеден асады. Қызметкерлердің көп бөлігі үшін ештеңе өзгермейді. Бірақ бұл норманың арқасында 2026 жылы МӘМС жүйесіне қосымша 200 млрд теңге түседі.
– Әлеуметтік осал топтарға қандай шаралар қарастырылған?
– Табысы төмен шамамен 1 миллион адам МӘМС жүйесімен жергілікті бюджет қаражаты есебінен қамтылады. Бұл Қазақстан азаматтарының қосымша 5%-ы жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізеді деген сөз.
Қазіргі уақытта Жетісу облысында 537 мың адам (81,8%) сақтандырылған, ал 119 мың адам сақтандырылмаған. Оның ішінде 83 мыңы – өмір сүру деңгейі қанағаттанарлық немесе жақсы азаматтар, ал 35 мыңы – дағдарыстық (Д) және шұғыл (Е) әлеуметтік деңгейге жататындар. Олар жергілікті бюджет есебінен «сақтандырылған» статусқа ие бола алады.
– Жарнаны уақытша төлей алмайтындарға қандай қолдау бар?
– Маңызды норма енгізіледі: егер азамат соңғы 5 жылда тұрақты түрде жарна төлеген болса, уақытша төлемді тоқтатқан жағдайда 6 ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтап қалады. Бұрын бұл мерзім 3 ай ғана болатын. Бұл – өмірлік қиын жағдайларға тап болған азаматтарды қолдауға бағытталған әділ шешім.
– Сұхбатыңызға рахмет!