Қазақстанда жатыр мойны обыры (ЖМО) таралуы бойынша барлық жастағы әйелдер арасында сүт безі обырынан кейінгі 2-ші орында тұр және бала туу жасындағы (25-44 жас) әйелдер арасында өлімінің себебі болып қалуда.
Адам папилломавирусы – бұл теріні және дененің әртүрлі бөліктерінің шырышты қабықтарын зақымдайтын вирустар тобы. АПВ-ның 200ден астам типі бар. Оның 14 типі онкогенді. АПВ — жатыр мойны обыры, тік ішек обыры және басқа да қатерлі ісіктер сияқты күрделі аурулардың дамуына себеп болады.
АПВ-ның жоғары онкогенді екі түрі (16 және 18) жатыр мойны обырының 70%, вульва және қынап обырының 80%, анальды қатерлі ісіктің 92%, ауыз қуысының қатерлі ісігінің 95%, жұтқыншақ қатерлі ісігінің 89%, жыныс мүшесі ісігінің 63% құрайды.
АПВ-ның пайда болу себептері: адам папилломавирусынан туындаған аурулар жасырын басталатын, созылмалы тұрақты ағымы бар ауруларға жатады, инфекция қатерсіз және қатерлі ісіктермен пайда болады.
Инфекция көзі ауру адам немесе тасымалдаушы болып табылады. АПВ адамнан адамға инфекция жұқтырған терімен, шырышты қабаттарымен және дене сұйықтықтарымен тікелей тұрмыстық жанасу, жыныс жолы, босанған кезде тікелей берілу жолымен, өзін — өзі жұқтыру арқылы беріледі.
Инфекцияның қауіпті факторлары: Жасы бойынша — көбінесе инфекция жас адамдарда кездеседі. ДДҰ мәліметтері бойынша, халықтың 50-80% АПВ жұқтырған, бірақ жұқтырғандардың тек 5-10%-да аурудың белгілері бар.
Клиникалық көрінісі аурудың формасына байланысты әр түрлі диаметрлі қабыну белгілері жоқ қалыпты тері түсінің паппиламатозды түзілімдерімен сипатталады. Олар ыңғайсыздық тудыруы және аздаған қышумен бірге жүруі мүмкін.
Адам өз денесінде папилломавирустық инфекцияның болуын білмеуі мүмкін, сондықтан олар жасырын инфекция көзі болып қала береді. Шындығында, ауру ұзақ уақыт бойы симптомсыз болуы мүмкін, вирус ағзада бірнеше айдан бірнеше жылға дейін жасырын түрде болады, өзін көрсетпейді.
АПВ жұқтыру қаупі: балаларда; жасөспірімдерде және 16-20 жас аралығындағы жас пациенттерде; иммундық жүйесі әлсіреген науқастарда; тіндердің зақымдалуы кезінде; зиянды әдеттері бар науқастарда; жүкті әйелдерде; несеп-жыныс инфекцияларымен ауыратын науқастарда, көптеген жыныстық серіктестері бар адамдарда; эндометриозы бар әйелдерде жоғары. Сүйелдің өсу қарқыны адамның ағзасына байланысты. Иммунитеттің төмендеуімен, жүктілікпен немесе терінің зақымдануымен олар тез өсіп, ағзаның басқа да жерлерін зақымдайды.
Алдын алу: АПВ-на қарсы егу – аурудың дамуын болдырмаудың қарапайым және қолжетімді әдісі. Қазіргі заманғы АПВ вакцинасы адамды онкогендігі жоғары штаммдардан қорғайды. Қазақстанда 2024 жылдың күзінен бастап Ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес, ата-анасынан немесе қамқоршыларынан рұқсат алынғаннан кейін 11 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы ерікті вакцинациялау жүргізілуде.
Бүгінгі күнге Жетісу облысында 6943 қыз балаға (екі екпе 3679) иммундау жүргізілді. Вакцинацияның толық курсы – алты айлық аралықпен екі доза. Сонымен қатар 12-13 жастағы қыз балаларға толықтыра вакцинациялау жүргізілуде.
АПВ-ға қарсы вакцина қазақстандық егу күнтізбесінде әртүрлі органдардың қатерлі ісіктерінен қорғайтын екінші екпе. Біріншісі – вирустық В гепатитіне (ВВГ) қарсы вакцина, ол бауырдың қатерлі ісігінен қорғай алады.
Индира Кунбасова,
Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары.