Көксу ауданында биылғы егін ору науқаны жоспарға сай қарқынды жүргізілуде. Биыл аудан көлемінде 10 700 гектар жерге дәнді дақылдар себілген. Оның ішінде бидай 3 485 гектар, арпа 5 345 гектар, дәндік жүгері 1 870 гектар. Жалпы егістік алқаптың 2 589 гектарын күздік дақылдар, ал 6 241 гектарын жаздық дәнді дақылдар құрайды.
Бүгінгі күнге дейін ауданда 2 115 гектар бидай жиналып, 4 082 тонна өнім алынған. Сонымен қатар, 1 185 гектар арпа орылып, 2 120 тонна өнім қамбаға құйылған.
Дала жұмыстарының жүргізілу барысын бақылау мақсатында аудан әкімі Дәулет Халелов, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Данияр Сайлауұлы және ауылшаруашылық мамандары Мұқыры ауылдық округіне қарасты «Қайнар Көксу» шаруа қожалығының алқабын аралап, жұмыс барысымен танысты.
«Қайнар Көксу» шаруа қожалығы биылғы егін ору науқанын жоғары деңгейде ұйымдастырып, өнім көлемін арттыруға күш салуда. Алқаптағы техникалар толық дайындалып, жұмыс күшінің жеткілікті деңгейде екенін айтты. Қажетті техника мен адам ресурстары толық жұмылдырылып, егісті ору, тасымалдау, сақтау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
Аудан басшысы өнімділік пен жұмыс сапасының маңыздылығына тоқталып, ауыл шаруашылығы саласының экономикадағы орны ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар, науқан аяқталғанға дейін барлық жұмыс кезеңі аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.
Бұл аудандағы еңбек адамдарын ынталандыратын, ауыл шаруашылығының дамуына серпін беретін маңызды науқан. Егіс даласындағы тынымсыз еңбек – ел ырысы мен азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі.