«Талдықорған — Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы биылғы жылдың қыркүйек айында толық аяқталады. Соның нәтижесінде Жетісу облысының Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарындағы 84 елді мекен табиғи газбен қамтылады. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Алакөл ауданындағы жұмыс сапары барысында белгілі болды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, өткен жылы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Жетісу облысына келген сапарында «Талдықорған — Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы басталған болатын. Ел Президенті тапсырмасының аясында жүзеге асырылып жатқан осы іргелі жобаның іске асырылу барысымен танысу мақсатында облыс әкімі «Үшарал» АГТС нысанында болды.
«Интергаз Центральная Азия» АҚ Алматы филиалы магистралды газ құбыры басқармасының директоры Руслан Сүйіндіковтің айтуынша, магистралды газ құбырының ұзындығы – 302,4 км, диаметрі 530 мм. Желінің бойында 6 автоматтандырылған газ тарату станциялары салынуда. Станциялардағы құрылыс жұмыстары 80 %-ға аяқталған.
— Бүгінгі күнге төрт станцияның технологиялық құрал-жабдықтары сынақтан өткізілді. Жақында тағы 2 станцияда сынақ жұмыстары жүргізіледі. Магистралды газ құбыры құрылысын аяқтау мерзімі 2026 жылдың соңы деп белгіленген болатын. Дегенмен жобаның әлеуметтік маңыздылығын ескеріп, оған күш жұмылдырудың арқасында мерзімінен 1 жыл 4 ай бұрын, яғни алдағы қыркүйек айында аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Аталған жобаны іске асыру нәтижесінде 84 елді мекен көгілдір отынмен қамтылып, 440 мыңдай тұрғын газға қосылуға мүмкіндік алады. Қазір аудан әкімдігімен бірге АГТС-тан елді мекендерге газ құбырын тарту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Бұдан соң елді мекендерге көгілдір отын тарту жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылады, — деді Руслан Сүйіндіков.
Өңір басшысы бұл жобаның аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ерекше рөлін атап өтіп:
— «Талдықорған — Үшарал» магистралды газ құбырының халықтың тұрмыс деңгейін көтерудегі маңызы зор. Газ жеткізілсе, бұл осы аймақтағы, зауыттарға, жылыжайларға, шағын және орта бизнес нысандарының жұмысына жаңа серпін береді. Бұған қоса болашақта газ құбыры лупингін де қолға алу қажет, — деді Бейбіт Исабаев.