Облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ арнайы жұмыс сапарымен Алакөл ауданына барып, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындармен кездесті. Жиын барысында аймақ басшысы маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға, соның ішінде газбен қамту, жол жөндеу жұмыстарына баса назар аударды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті, туризмді дамыту және инвестиция тарту бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.
ШАРУАСЫ ШАЛҚЫҒАН ӨҢІР
Алдымен аймақ басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, жұртшылықтың әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты қойған сұрақтарына жауап берді.
Осыдан кейін халықпен кездесу жиыны басталды. Шарада сөз алған Бейбіт Исабаев:
– Жетісу облысында экономикалық дамудың негізгі екі өсу нүктесі Қытаймен шекаралас орналасқан Қорғас және Достық торабы. Бұл аймақтардың транзиттік және көліктік әлеуеті жоғары болғандықтан олардың мүмкіндіктерін толық пайдалану мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Алакөл автомобиль өткізу бекетінің құрылысы биыл мамыр айында аяқталды, нәтижесінде тәуліктік өткізу қабілеті 5 есеге ұлғайтылды. Сонымен қатар «Достық-Мойынты» теміржолының құрылысы биыл күзде аяқталады. Алтынкөл стансысында жаңа экспорттық парк құрылысын салу және «Алтынкөл-Жетіген» учаскесінде қосымша жолдар салу жұмыстары келесі жылы бітеді. Атқарылып жатқан жұмыстар облыстың көлік-логистикасы саласына оң септігін тигізетін болады, – деп ауданда атқарылып жатқан жұмыстар мен жоба-жоспарды таныстырды.
Толқыны тербелген айдынды Алакөл ауданы туризммен қатар ауыл шаруашылығы саласы өркендеген өңір. Ауданда биылғы 6 айда 12 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілсе, егіс алқабы 80 мың гектарды құраған. Бүгінгі күні күздік бидайды ору жұмыстары басталып, 7,6 мың гектардың 2,6 мың гектары жиналды, орташа өнімділік гектарына 15 центнерді құрап, 4,7 мың тонна астық бастырылды. Өңірде 1242,6 шақырым суару желілері бар. Су шығынын азайту мақсатында бұл желілердің 763 шақырымына Ислам Даму банкі қаржысы арқылы екі кезеңмен қайта жаңғырту мен құрылыс жұмыстары жоспарланған. Жұмыстың бірінші кезеңі бойынша жалпы құны 45,8 млрд. теңгені құрайтын 510 шақырым желілердің жобасы әзірленіп, құрылыс жұмыстары биыл басталады. Ал екінші кезеңінің құрылысы 2026 жылы жалғасады. Сонымен қатар, Жаманты өзеніндегі су қоймасының, Тентек өзеніндегі су торабын қайта жаңғырту жұмыстары келесі жылы басталмақ. Алакөл малға жайлы өңір болғандықтан мұнда мал басы да тұрақты өсуде. Алты айдың ішінде 7,7 мың тонна ет, 16,7 мың тонна сүт өндірілген. Ауданның ветеринариялық қызметін жақсарту мақсатында өткен жылы Қарабұлақ, Теректі, Еңбекші ауылдарында модульді ветеринариялық пункт салынды. Биыл Жайпақ, Ақжар ауылдарына салынып жатыр, тамыз-қыркүйек айында қолданысқа беріледі. Сонымен қатар, ветеринар мамандардың жұмысына қажетті құрал-жабдықтар мен қызметтік автокөлік, мал өлексесін өртейтін бір жылжымалы инсинератор сатып алынды. Жалпы айтқанда ветеринария саласына жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Жер мәселесі бойынша 2024 жылы пайдаланылмай жатқан 43,8 мың гектар мемлекет қорына қайтарылған. 5 шаруашылықтың 4,3 мың гектар жерді пайдаланбай жатқаны анықталып, бір жылға ескерту берілген. Қазан айында нұсқаманың орындалуы тексеріліп, тиісті шаралар қабылданбақ. Алакөл жағалауындағы коммерциялық 205 учаскенің пайдаланылмағаны анықталып, 48 учаске мемлекет меншігіне сот тәртібімен қайтарылса, 6 учаскенің иелеріне бір жылға ескерту беріліпті. Осы жылы ауданда ауыл шаруашылық жерлеріне 3 конкурс ұйымдастырылып 6 415 гектар жер табысталмақ. Тамызда 25 учаскені құрайтын 14 943 гектар жерге тағы бір конкурс өткізіледі.
Басқосу барысында аймақ басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы кемшіліктерге де тоқталып, жауапты мамандарға нақты тапсырма берді.
ЖОЛ ЖӨНДЕЛІП, ГАЗ БЕН АУЫЗСУ ТАРТЫЛАДЫ
Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесіне келетін болсақ, 56 елді мекеннің 48-і орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Ауызсудың сапасын жақсарту мақсатында 2024 жылы Бибақан ауылы орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылып, Теректі, Көктұма және Екпінді ауылдарында қайта жаңғырту жүргізілді.
– Тоқжайлау ауылында сумен жабдықтау желілерінің құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Биыл бюджеттен 2,2 млрд. теңге бөлініп, Қоңыр, Лепсі және Теректі ауылдарындағы жұмыстар аяқталады. Өздеріңіздің өтініштеріңіз бойынша Бұлақты ауылында су желілерін қайта жаңғыртуға құжаттары әзірленіп, сараптамадан өткізілді. 2026 жылға республикалық бюджетке өтінім берілді, – деді облыс әкімі.
Тұрғындарды орталық жылумен қамтамасыз ету бойынша Үшарал қаласында орталық қазандықты қайта жаңғырту жобасы іске асырылуда. Бүгінде жұмыстың 80%-ы орындалыпты. Нысан жылыту маусымына дейін іске қосылады деп жоспарлануда. Ауылдық жерлердегі жол инфрақұрылымы – халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды мәселенің бірі болғандықтан 2025 жылы ауданның жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп ұстауға 3,6 млрд. теңге бөлінген. Оның ішінде облыстық маңызы бар Қабанбай–Көктұма автокөлік жолында орташа жөндеу жұмыстары жасалуда. Бүгінде 20 шақырымның ескі асфальт жамылғысы алынып, су өткізгіш құбырлары ауыстырылуда. Тамыз айынан бастап асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі. Қабанбай–Лепсі бағытындағы автомобиль жолының 20-40,6 шақырымында да орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Әзірге мұнда ескі асфальт жамылғысы қырылып, су өткізгіш құбырларына қажетті материалдар тасымалдануда. Жамбыл ауылына кіреберіс, Арқарлы ауылына дейінгі 28,4 мың шақырым, автожолдарды жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар Еңбекші ауылына баратын жолды жөндеу жұмыстары биыл басталып, 2026 жылы аяқталады. Сондай-ақ, аудандағы 10 елді мекеннің 24 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 10 елді мекеннің 8-інде жөндеу жұмыстары толық аяқталып, қалған 2 елді мекендегі жөндеу жұмыстары қарашада аяқталып, пайдалануға беріледі.
ТӘНГЕ ШИПА, ЖАНҒА ДАУА СУЫ БАР
Жетісудың маржаны саналатын айдынды Алакөл шипалы көлдің арқасында туризм саласының ошағы қайнап тұрған орталыққа айналған. Емдік қасиеті бар суға шомылуға еліміздің түкпір-түкпірі мен алыс-жақын шетелдерден қонақтар ағылып келеді. Былтыр Алакөл жағалауындағы демалушылар саны 1,7 млн. адамға жеткен. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 6,2%-ға жоғары. Қызмет көрсету көлемі 5,2 млрд. теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 1,8 есе өскен. Алакөл көлінің жағалауындағы туристік нысандардың саны 2023 жылға қарағанда 35,6%-ға артып, 270 бірлікті құрап отыр.
Осыған орай облыс құрылған сәттен бастап Алакөл ауданы бойынша туризм саласын дамытуға 12,3 млрд. теңге бөлініпті. Бұл қаражатқа Ақши және Бескөл ауылдарының арасында жоғары кернеулі (110 кВ) 56,8 шақырым электр желісі мен 2 қосалқы стансысының негізгі құрылысы аяқталды. Бүгінде абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылдары Ақши ауылында ұзындығы
69,7 шақырымды құрайтын магистралды кәріз желісі салынды. Биыл Үкімет резервінен 2,8 млрд. теңге бөлініп, Ақши ауылында кәріз тазарту құрылғысын салу жұмыстары басталды. Көктұма ауылында кәріз жүйесінің жобасы әзірленіп, республикалық бюджеттен 2026-2028 жылдарға қаржыландыру үшін өтінім берілген.
Тағы бір күрделі мәселе жағаның шайылуы. Бұл сұрақты шешу үшін жалпы құны 19,1 млрд. теңге болатын жоба әзірленген. Биыл республикалық бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлініп, көлдің қоршау бөгетін салудың бірінші кезеңі басталыпты. Алакөл аймағында қызмет көрсету сапасы мен тазалық деңгейін одан әрі жетілдіру бойынша да қыруар жұмыстар атқарылуда. Су айдынында бақылаусыз су көліктерінің жүруін шектеу және тыйым салынған аумақтардағы қозғалысты реттеу мақсатында облыстың Ортақ су пайдалану ережесі қабылданды. Ережеге сәйкес жағалау буйлар арқылы шомылу және шағын кемелердің шығу коридорларымен жабдықталған. Сондай-ақ су көлігіне арналған тоқтау және тұрақ белгілері орнатылған. Жағалауда көліктік бақылау бойынша 4 инспектор, төтенше жағдайлар департаментінің 9 құтқарушысы және 46 полиция қызметкері жұмыс атқарады.
Шара барысында аймақ басшысы аудан әкіміне, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы және мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, салық базасын кеңейту және көлеңкелі экономиканың алдын алу мақсатында демалыс орындарында жұмыс істейтін қызметкерлерге жалақы төлеу тәртібіне ерекше назар аударып, салық органдарына нақты жұмыс істейтін адамдардың санын азайтып көрсету фактілеріне жол бермеуді және көл жағалауы тазалығын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Жиында аймақ басшысы білім, денсаулық саласы бойынша да атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен баяндады. Білім саласы бойынша Достық ауылында 600 орынды «Келешек мектебі» жаңа оқу жылына дейін қолданысқа беріледі. Үшарал қаласындағы оқушы орнының тапшылығы мәселесін шешу мақсатында 600 орынды мектеп құрылысының жобасы даярлануда. Мектеп құрылысы 2026-2028 жылдары республикалық бюджеттен қаржыландырылатын болады. Үшарал қаласында «Арай» балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстары және Қызылқайың орта мектебінде ағымдағы жөндеу жұмыстары да биыл жаңа оқу жылына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Ауданда денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту бағытында өткен жылы 4 нысан қолданысқа берілген. Биыл 12 денсаулық сақтау нысанын пайдалануға беру жоспарланған, оның 9-ы «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынуда. Сонымен қатар Төңкеріс ауылында блокты-модульді медициналық пункт орнатылды және Жыланды ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Көлбай ауылында дәрігерлік амбулатория салынуда. Аталған нысандар желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Осы жылы ауданға 3 санитарлық автокөлік сатып алынады. Сондай-ақ аудандық орталық ауруханаға заманауи медициналық құрал-жабдықтар сатып алу үшін 270 млн. теңге бөлініпті. Дәрігер тапшылығын шешу мақсатында аудан бойынша 2024 жылы 9 дәрігерге 80 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз көтерме жәрдемақы төленген. Сонымен қатар аудандағы 7 дәрігерге тұрғын үй беріліпті.
Спорт саласында 2024 жылы Достық ауылында 1,1 млрд. теңгеге 180 орынды денешынықтыру сауықтыру кешені салынды. Биыл Лепсі ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешені мен 244 орынды жатақхананың құрылысы аяқталып, қыркүйек айында қолданысқа берілмек. Сонымен қатар Қабанбай ауылында 80 орынды спорттық кешеннің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Мәдениет саласына да көп қолдау көрсетілуде. Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Екпінді мен Көлбай ауылдарында Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы 2024–2025 жылдары ауданға инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандарды салуға, қайта жаңғыртуға және жобалау жұмыстарына бюджеттен 41,5 млрд. теңге бөлініпті.
Жиында халықты толғандырған әлеуметтік мәселелерге баса назар аударылды. Облыс әкімі көтерілген мәселелер шешімін табатындығын айтып, тұрғындар қойған сауалдардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, орынбасарлары, қала әкімі мен жауапты мамандарға нақты тапсырма берді.
Айдар ҚАЛИЕВ,
Алакөл ауданы