Келесі жылдан бастап елімізде салық жүйесі жаңарады. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Оның басты мақсаты – салық салуды жеңілдету, ашықтықты арттыру және процестерді толығымен цифрландыру.
Жаңа құжатқа сәйкес арнайы салықтық режимдер оңтайландырылады. Егер қазір жеті түрлі режим болса, 2026 жылдан бастап тек үшеуі ғана қалады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған, оңайлатылған декларация негізіндегі және шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған режимдер.
Патент, бөлшек салық және мобильдік қосымша арқылы салық төлеу түрлері алынып тасталады. Бұл өзгерістер бизнес жүргізуді жеңілдетуге және әкімшілік рәсімдерді азайтуға бағытталған.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін табыс шегі айына 300 АЕК-ке дейін болады (шамамен 1,3 млн теңге). Салық мөлшері табыстың 4 пайызы көлемінде белгіленген. Барлық есеп e-Salyq Business мобильдік қосымшасы арқылы автоматты түрде жүргізіледі.
Оңайлатылған декларация режимінде кіріс шегі 600 000 АЕК болып бекітілді. Қызметкерлер санына шектеу қойылмайды, ал салық мөлшерлемесі 4 пайызды құрайды. Кәсіпкерлер декларацияны жылына екі рет тапсырады.
Шаруа және фермер қожалықтары айналымнан 0,5 пайыз көлемінде салық төлейді. Сонымен қатар, олар жер, көлік және әлеуметтік салықтардан босатылады. Барлық салық төлеушілер 2026 жылғы 1 наурызға дейін қолданатын салық режимі туралы хабарлама беруі керек. Егер бұл мерзімде өтініш берілмесе, кәсіпкер жалпыға бірдей салық салу тәртібіне өтеді.
Жаңа Салық кодексі есептілік нысандарын да жеңілдетеді. Қазір 39 түрлі есеп нысаны болса, олардың саны 30 пайызға қысқарады. Есептер біріктіріліп, автоматтандырылады. Егер салық төлеуші есепті уақытында тапсырмаса, жүйе нөлдік есепті автоматты түрде қалыптастырады.
