Бүгін Қаратал аудандық ауруханасының дәрігерлері тыл ардагерлерінің үйіне барып, тегін медициналық тексеруден өткізді. Ардагерлерге диагностикалық көмек көрсетіліп, кеңес берілді. Психолог, учаскелік дәрігер және мейірбикеден құралған топ Разов Анатолий Федоровичтің үйіне барып, кезекті скринингтен өткізді.
— Аудандық аурухананың дәрігерлері тыл ардагерлерінің үйіне жиі барып, медициналық тексеруден өткізіп тұрады. Дәрі-дәрмектерді де үйіне апарып береміз. Өйткені ауруханаға келу ардагерлерге қиын соғады. Жалпы ауданда 84 тыл ардагері тұрады. Барлық ардагерлерге көмек көрсетіледі, — деді аталған аурухана директоры Кумаров Біржан Асқарұлы.
Естеріңізге сала кетсек, Жетісу облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында 9 мамырға дейін созылатын денсаулық айлығы басталды. Тегін медициналық тексерулер мен консультациялық-диагностикалық көмек емханаларда да, үйде де ұйымдастырылуда.
Жетісу облысында Ұлы Отан соғысына тікелей қатысушы 2 ардагер бар. Олар Төлеубай Чектыбаев пен Ысқақ Құсайынов, ардагерлер бүгінде 100 жастан асты. Сол сияқты 1598 тыл еңбеккерлері тұрады.