Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында 2025 жылғы оқуға құжат қабылдау басталды. Өтініштер онлайн түрде «Admission» жүйесі арқылы 25 маусымға дейін қабылданады.
Академия 9 магистратура және 3 докторантура бағдарламасы бойынша білім алуға мүмкіндік береді. Биыл магистратураға – 120, докторантураға – 12 мемлекеттік грант бөлінді.
Биыл академияға оқуға түсуге өтінім беру үшін өзгешеліктер бар. Атап айтсақ, жаңа бағдарлама – «Цифрлық мемлекеттік басқару» іске қосылды. Бағдарламаға цифрландыру саласында жұмыс істейтін, кемінде 3 жыл еңбек өтілі бар мемлекеттік қызметшілер қатыса алады.
Мемлекеттік қызмет өтіліне қойылатын талаптар өзгерді. Енді магистратураға түсу үшін 3 жыл, ал кей бағдарламалар үшін 4-5 жыл еңбек өтілі қажет.
Ақылы бөлімге түсетіндер қатары кеңейді. Мемлекеттік қызметшілермен қатар квазимемлекеттік сектор өкілдері де оқуға түсе алады.
Бағдарламаларға нақты талаптар енгізілді. Әр бағдарлама бойынша үміткерлерге кәсіби талаптар қойылады.
Қажетті құжаттар:
• Мемлекеттік орган жолдамасы (грант үшін),
• Жеке куәлік пен диплом көшірмелері,
• Қазақ тілінен QAZAQ RESMI TEST немесе ҚАЗТЕСТ сертификаты,
• Ағылшын тілі сертификаты (MPA, MIR, докторантура үшін),
• Еңбек өтілін растайтын құжаттар,
• Докторантураға түсушілер үшін – ғылыми-зерттеу жоспары,
• Электрондық өтініш (ЭЦҚ арқылы).
Іріктеу кезеңдеріне келсек, 1-кезең: онлайн эссе – 28 маусым мен 1 шілде аралығы;
2-кезең: офлайн сұхбат – 8-23 шілде аралығы (Академия ғимаратында). Аралық нәтижелер 25 шілдеде жарияланады. Оқу 1 қыркүйекте басталады.
Толық ақпарат www.apa.kz сайтында және Академияның әлеуметтік желідегі парақшаларында қолжетімді.
