Өңірде тәтті түбірді 597 шаруашылық 13 700 гектар алқапқа екті. Ал одан 615 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге дақылдың 47 пайызы жиналып, 303 мың тонна өнім алынды. Жиналмаған қызылшаның көлемі 7,2 мың гектар. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев Б. Құранбек атындағы Журналистер үйінде БАҚ өкілдерімен кездесуде мәлімдеді.
Жетісу облысында Көксу қант зауыты қызылша қабылдауды уақытша тоқтатты. Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты жинақталған дақылдың сөлі аға бастады. Шаруалардың еңбегін еш кетірмей өңдеп алу үшін Көксу қант зауыты 10 күнге мәжбүрлі түрде қабылдауды тоқтатты. Нысан қазанның 22-нен бастап өнімді қайта қабылдай бастайды. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының сөзіне сүйенсек, жергілікті билік те, кәсіпорын басшылары да шаруалардың өнімі далада қалмайды деп уәде беруде.
Айта кетейік, шаруаларға мемлекеттік субсидия беру бойынша 13 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта 69 өтінім түсіп, оның 36-сы қарастырылды. 1 млрд. теңгеден астам қаражат диқандардың есеп-шоттарына аударылды.