Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті салықтық әкімшілендіру бағыты бойынша атқарылған жұмыстың қорытындысын шығарды. Есептік кезеңде мамандар камералдық бақылау жүргізіп, оның нәтижесінде жалпы сомасы 220,9 млн теңгеден асатын бұзушылықтар анықталып, 12 021 хабарлама жасалды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде бюджетке қосымша 4,2 млн теңге түсті. Негізгі түсімдер қосылған құн салығын, корпоративтік және жеке табыс салықтарын әкімшілендірумен қатар, бейрезиденттер мен жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу есебінен қамтамасыз етілді.
Департамент өкілдерінің айтуынша, көрсеткіштердің артуы салықтық әкімшілендіруді цифрландыру және заманауи бақылау құралдарын енгізу нәтижесінде мүмкін болды. Жаңашылдықтардың бірі – электрондық шот-фактураларды жазып беру процесіне автоматтандырылған бақылау енгізу және «e-Тамға» сервисін пайдалану. Аталған жүйе қосылған құн салығының қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Бұл шаралар салықтық рәсімдердің ашықтығын арттырып, айырмашылықтарды жедел анықтауға және адами факторды азайтуға ықпал етеді.
«Бүгінде Жетісудағы салықтық әкімшілендіру қызметі сервистік бағытқа негізделген. Біздің мақсатымыз – салық төлеушілерге бақылау жүргізумен қатар, олардың өз міндеттемелерін уақтылы әрі дұрыс орындауына көмектесу. Бұл бизнес тарапынан сенімді арттырып, бюджет кірісінің тұрақты өсуіне жол ашады», – деді Камералдық мониторинг басқармасының басшысы Ғалия Сармурзинова.
Бизнес өкілдерімен өзара іс-қимылдың сервистік үлгісіне көшу бұзушылықтардың алдын алуға және салықтық міндеттемелерді ерікті түрде орындауға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Мұндай тәсіл әкімшілік жүктемені азайтып, салық органдары мен кәсіпкерлік қауымдастық арасындағы серіктестік қатынастарды нығайтуға, сондай-ақ өңір экономикасының тұрақты дамуына ықпал етеді.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *