Талдықорған қаласындағы Достық үйінің акт залында TEDx форматында «Салауатты ұлт» атты жастар форумы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, есірткі заттарының зияны туралы ашық пікір алмасу және саналы, жауапты таңдау жасауға ықпал ету болды.
Форумның негізгі міндеті – жас ұрпақты зиянды әдеттерден аулақ болуға үндеу, есірткіге тәуелділіктің зардабы туралы жан-жақты түсінік беру, сондай-ақ жастардың өмірлік ұстанымын қалыптастыруға бағытталды.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының жастары, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, мектептің жоғары сынып оқушылары, спорт саласының белсенді өкілдері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
TEDx форматындағы форум барысында спикерлер өздерінің өмірлік тәжірибесі мен кәсіби көзқарастарын еркін әрі шабыттандырарлық түрде ортаға салды. Жетісу облысының Полиция департаменті, «Облыстық наркологиялық диспансері» МКК, «Қос Қанат» үкіметтік емес ұйымы, Жетісу футбол клубы және Есірткі қылмысына қарсы профилактика жөніндегі кеңес өкілдері жастарға мотивациялық және танымдық бағыттағы мазмұнды ойларымен бөлісті.
Форум аясында қатысушылар есірткіге тест тапсыру аймағымен, «Бір таңдау – бір өмір» атты бейнероликпен және салауатты өмір салты тақырыбындағы көрмемен танысты.
Іс-шара соңында ашық пікір алмасу мен сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылып, форум «Біз – салауатты ұлтпыз!» атты фото және бейнеқұттықтаумен қорытындыланды.
