Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды. Баспасөз мәслихаты облыстық дәрігерлердің қатысумен өтті. Мамандардың айтуынша, бүгінде елімізде 4 мыңнан астам адам ағза донорына мұқтаж. Жетісу облысында 72 адам бүйрек, 4 адам бауыр және 2 адам жүрек трансплатациясын қажет етуде.
«Трансплантацияға көрсеткіштер болған жағдайда тиісті комиссияға жіберу туралы шешім қабылдау үшін учаскелік немесе отбасылық дәрігерге тіркелген жердегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымына хабарласу қажет», — дейді Жетісу облыстық аурухана директорының орынбасары Ғалым Елибаев.
Бүгінде көптеген адамдар кезегі жетпей өмірден өтуде. Жыл сайын шет елдерде өмірден өткен жүздеген адам мыңдаған азаматтың өмірін сақтап донор болады. Осыған байланысты мамандар азаматтарды қайтыс болғаннан кейінгі донорлық бастамасын қолдауға шақырады. Қайтыс болғаннан кейін бір донор шамамен 7 адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.