Талдықорған қаласындағы «Жастар-3» тұрғын алабында 693 жеке тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Қалған 97 үйді келесі жылы салу жоспарланған. Сонымен қатар жаңа шағынауданда 1200 орындық мектеп, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, медициналық пункт, полиция пункті және қоғамдық кеңістіктер бой көтермек. Құрылыс барысымен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев танысты.
Жалпы аумағы 90 гектарды құрайтын тұрғын алаптың 50 гектары жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген. Жоба аясында барлығы 790 үй салу көзделген. Қазіргі уақытта пайдалануға берілген 693 баспана тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға үлестірілуде.
Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Андабековтің мәліметінше, үйлер мердігер ұйымдар мен жеке инвесторлардың қаражаты есебінен салынады. Құрылыс аяқталғаннан кейін қала әкімдігі баспаналарды мемлекеттік портал арқылы сатып алып, «Отбасы банк» арқылы кезекте тұрған азаматтарға береді.
Бұл тетік бойынша 2024 жылы 1,2 млрд теңгеге 56 үй, 2025 жылы 5,9 млрд теңгеге 254 үй сатып алынған. Биыл 9 млрд теңгеге тағы 383 баспана алынған. Нәтижесінде 693 үйдің 403-і халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдеріне берілді. Барлық баспана кейіннен жекешелендіру құқығы қарастырылған жалдамалы тұрғын үй санатына жатады.
Құрылыс жұмыстарына Талдықорған қаласы мен облыста тіркелген 10 мердігер ұйым тартылған. Әр үйге екі жылдық кепілдік берілген. Үйлердің ауданы – 76,4 шаршы метр, жер телімі – 6 сотық. Басым бөлігі үш бөлмелі, кірпіштен қаланған, табиғи газға қосылған. Қосымша электр қазандығы да қарастырылған. Тұрғын алап орталық су, кәріз және электр желілерімен қамтамасыз етілген.
Алайда облыс әкімі шағынауданды дамыту тек тұрғын үйлер құрылысын аяқтаумен шектелмеуі керектігін атап өтті. Болжам бойынша, мұнда алдағы уақытта төрт мыңға жуық адам тұрады. Сондықтан тұрғындардың күнделікті қажеттіліктеріне сай әлеуметтік және қоғамдық нысандарды қатар дамыту маңызды.
Жоспарға сәйкес, шағын орталығы бар 1200 орындық мектеп, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, фельдшерлік-акушерлік пункт және учаскелік полиция пункті салынады. Бұдан бөлек, саябақ пен 1,2 гектар аумақты қамтитын гүлзар қарастырылған. Әлеуметтік нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, бірқатары мемлекеттік сараптамадан өтуде. Құрылысқа қажетті қаражатты келесі жылдың бюджетінде қарастыру жоспарланған.
Нысанды аралау барысында көгалдандыру мәселесіне де назар аударылды. Бұған дейін отырғызылған көшеттердің бір бөлігі суару жүйесінің болмауынан қурап қалған. Осыған байланысты облыс әкімі алдымен суару инфрақұрылымын қалыптастырып, содан кейін ғана ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
«Бұрын көшеттер отырғызылып, кейін суарылмағандықтан қурап қалатын. Біз сол қателіктерді қайталағымыз келмейді. Алдымен суару жүйесін жасау қажет. Ол үшін бірнеше ұңғыма қазып, жерасты суларын пайдалануды жоспарлап отырмыз. Содан кейін негізгі көшелерді көгалдандыруға кірісеміз. Алдағы екі жыл ішінде жол бойына ағаш отырғызуды көздеп отырмыз», – деді Бейбіт Исабаев.
Жол инфрақұрылымын дамыту да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жоба бойынша тұрғын алапта жалпы ұзындығы 11,7 шақырым болатын 20 көше салу көзделген. Жұмыстардың жалпы құны 3 млрд теңгеден асады. Былтыр 3,6 шақырым жолға асфальт төселсе, биыл 1,4 шақырым жол жөнделіп, 12 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынған. Келесі жылы тағы 6,7 шақырым жолға асфальт төсеу жоспарланып отыр.
Қоғамдық көлік қатынасы да қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта автобустар 15–20 минут аралығымен жүреді. Қала әкімдігінің мәліметінше, тұрғындар саны артқан сайын келесі жылы жолаушылар тасымалы бағыттарын көбейту көзделген.
Шағынаудан тұрғындарының айтуынша, жаңа баспана тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік берген. Маусым айында үш бөлмелі үйдің кілтін алған Ләззат Мақсұмқызы отбасымен қыркүйек айында жаңа қонысқа көшкен.
«Жалпы үйіміз өзімізге ұнайды. Отбасымыз үшін бұл үлкен мүмкіндік болды. Бұрын жалдамалы пәтерге ақы төлейтін едік, қазір ай сайынғы шығынымыз едәуір азайды. Автобус жақын жерден жүреді, жол салынды, оған ризамыз. Қандай да бір ақау шықса, құрылыс компаниясына хабарласамыз. Олар келіп, кемшіліктерді түзейді. Рас, жылуға қатысты мәселелер бар. Күн суытып, жел соққанда үй іші салқындап кетеді. Бұл туралы хабарладық, мәселе шешіледі деп үміттенеміз. Дегенмен жалпы көңіліміз толады», – деді тұрғын.
Осылайша, «Жастар-3» тұрғын алабында тұрғын үй құрылысымен қатар жол, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Алдағы кезеңде қалған 97 үйді салу, әлеуметтік нысандардың құрылысын бастау, суару жүйесін жүргізу және аумақты көгалдандыру міндеттері тұр. Бұл жұмыстардың жүзеге асуы жаңа тұрғын алаптың толыққанды әрі қолайлы шағынаудан ретінде қалыптасуына негіз болмақ.