2026 жылғы 28 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялады. Президент елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету, инфрақұрылымды жаңғырту, инвестиция тарту, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы негізгі міндеттерді айқындады.

Жолдауда Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге қадам басқаны атап өтілді. Мемлекет басшысының айтуынша, елдің тұрақты дамуы үшін экономикалық әлеуетті тиімді пайдаланып, өңірлердегі инфрақұрылымды жаңарту қажет.

«Халықтық құрылыс» бағдарламасы іске асырылады

Жолдаудың негізгі бағыттарының бірі – ел бойынша ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізу. Үкіметке 2029 жылдың соңына дейін Инфрақұрылымды жаңғырту жоспарын жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу тапсырылды.

Оның ішінде 2026 жылы және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға 1,5 триллион теңге қарастыру көзделген.

Мемлекет басшысы бұл бастаманы «Халықтық құрылыс» деп атауды ұсынды. Бағдарлама аясында еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынып, жаңғыртылады.

Алғашқы кезеңде өңірлерде шамамен 70 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар білім беру, спорт және мәдениет салаларында 50-ге жуық нысанның құрылысы басталады.

Жобаларды жүзеге асыруға қажетті құрылыс материалдарын, металл конструкциялар мен инженерлік жабдықтарды отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етуге басымдық беріледі. Ұлттық қор қаражатын импортты қаржыландыруға пайдалануға жол берілмейді.

Президент 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды.

Экономиканы әртараптандыру және инвестиция тарту

Жолдауда Қазақстан экономикасының негізгі көрсеткіштеріне де тоқталды. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2026 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 400 миллиард АҚШ долларына жуықтап, жан басына шаққандағы көрсеткіш 19 мың доллардан асады.

Қазақстан экономика көлемі бойынша әлемде 47-орынға көтеріледі деп болжанып отыр. Өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асқан. Ал алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтерінің жиынтық көлемі 130 миллиард доллардан жоғары.

Мемлекет басшысы осы әлеуетті елдің инфрақұрылымын жаңғыртуға және өндірістік қуатын арттыруға бағыттау қажеттігін айтты.

Инвестиция тарту жұмысын жүйелі түрде жүргізу, инвесторларға қолайлы жағдай жасау және жаңа өндіріс орындарын ашу маңызды міндеттердің қатарында.

Энергетикалық қауіпсіздік күшейтіледі

Президент энергетика саласын дамытуға ерекше назар аударды. Қазақстанда жыл сайын шамамен 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндірілгенімен, елде электр тапшылығы әлі де байқалады.

Осыған байланысты 2029 жылға қарай тұрақты электр энергиясы профицитіне қол жеткізу міндеті қойылды.

Бұл үшін жаңа генерациялау қуаттарын іске қосу, электр станциялары мен желілерді жаңғырту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және көмірді таза технологиялармен пайдалану көзделіп отыр.

Сондай-ақ Үкіметке 2035 жылға дейінгі ұлттық отын-энергетикалық теңгерімді жаңарту тапсырылды.

Көлік және логистика инфрақұрылымы дамиды

Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында көлік-логистика саласындағы жобаларды жүзеге асыру жалғасады.

Жолдауда «Бақты – Аягөз» теміржол желісін келесі жылы іске қосу міндеті айтылды. Бұл бағыт Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк өткізу мүмкіндігін 20 миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Арал – Каспий» көлік дәлізін дамыту арқылы Транскаспий бағытының қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқарту көзделген.

Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін өседі

Әлеуметтік саясат аясында халықтың табысын арттыруға басымдық берілді.

Президент Үкіметке 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды.

Бұл өзгеріс шамамен 1,8 миллион адамның табысына әсер етеді. Оның ішінде бюджет есебінен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкер бар.

Бұдан бөлек, алғашқы медициналық-санитариялық көмек саласындағы учаскелік мамандардың жалақысы еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін артады. Бұл шара 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтиды.

Инклюзивті білім беру мен мұғалім мәртебесі

Жолдауда білім беру саласын дамыту және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасау мәселесі де көтерілді.

Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала бар. Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктерге осы бағыттағы инфрақұрылымды дамыту, мамандар тапшылығын азайту және балалардың қажеттіліктерін ерте анықтау жұмыстарын жүйелі жүргізуді тапсырды.

Сонымен қатар мұғалімдердің артық есептілік жүктемесін азайту қажеттігі айтылды. Президент педагогтердің негізгі міндеті балаларға сапалы білім беру екенін атап өтіп, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға шақырды.

Мемлекеттік басқару жүйесі жаңғыртылады

Жолдауда мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби жауапкершілігін күшейту және цифрлық технологияларды кеңінен енгізу мәселелері қамтылды.

Президент мемлекеттік аппарат жаңа экономиканың талаптарына бейімделуі керек екенін атап өтті. Осыған байланысты мемлекеттік басқару жүйесін реформалау жөніндегі кешенді жоспар әзірлеу тапсырылды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның басты мақсаты – әділетті, қуатты, таза әрі прогрессивті мемлекет қалыптастыру екенін айтты.

Жолдауда белгіленген міндеттер елдің экономикалық әлеуетін нығайтуға, өңірлердің дамуына серпін беруге және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *