Жетісу облысында биыл 59 құрылыс нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның 29-ы жыл басынан бері ел игілігіне берілсе, қалған 30 нысанның құрылысын желтоқсан айының соңына дейін аяқтау көзделген. Қазіргі уақытта өңірде 94 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстарға биыл 155,7 млрд теңге бөлінген.
Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері жоспарланған қаражаттың 98 пайыздан астамы игерілген. Бұдан бөлек, тағы 22 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу басталған. Салынып жатқан және жоспарланған нысандардың қатарында мектептер, медициналық мекемелер, тұрғын үйлер, инженерлік-коммуникациялық желілер, мәдениет және спорт нысандары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласына арналған ғимараттар бар.
Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін нысандар өңірдің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Атап айтқанда, жаңа мектептер білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын азайтуға, медициналық мекемелер тұрғындардың сапалы көмекке қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ал тұрғын үй құрылысы мен инженерлік желілерді дамыту елді мекендердегі тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Бұл жұмыстар алдағы жылы да жалғасын табады. 2027 жылы облыста 35 нысанның құрылысы жүргізілмек. Осылайша, өңірдегі құрылыс жобалары бір реттік жұмыстармен шектелмей, ұзақ мерзімді даму жоспары аясында кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Жалпы, құрылыс саласын дамыту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген басым бағыттардың бірі. Президент 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынып, еліміздің барлық өңірінде инфрақұрылымдық жобаларды кең көлемде жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.
«Қазақстан біртұтас үлкен құрылыс алаңына айналуы керек», – деді Мемлекет басшысы.
Бұл бастама аясында «Халықтық құрылыс» бағдарламасы бойынша жолдар, теміржол вокзалдары, ауруханалар, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтары, мектептер, спорт нысандары мен кітапханалар салу, сондай-ақ тұрғын үй құрылысын жалғастыру көзделген.
Жоспарға сәйкес, 2029 жылдың соңына дейін осы мақсаттарға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау қарастырылған. Оның 1,5 трлн теңгесі биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға жұмсалмақ. Бағдарламаның алғашқы кезеңінде елімізде перинаталдық орталықтар мен жедел жәрдем стансыларын қоса алғанда 70-ке жуық медициналық нысан, сондай-ақ білім беру, спорт және мәдениет салаларында 50-ге жуық нысан салу жоспарланған.
Ауқымды құрылыс жұмыстарының әлеуметтік маңызымен қатар экономикалық тиімділігі де бар. Жаңа жобалар жұмыс орындарын ашуға, құрылыс материалдарын өндіру мен тасымалдау салаларын дамытуға, жобалау және қызмет көрсету бағыттарына серпін береді. Сонымен бірге жергілікті кәсіпкерлер үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастырады.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы құрылыс жобаларын жүзеге асыруға жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерін барынша тартудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар нысандардың сапалы салынуы мен белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі қатаң бақылауда болуы қажеттігін тапсырды.
Расында, құрылыс саласындағы жұмыстың нәтижесі тек бой көтерген ғимараттардың санымен өлшенбейді. Бастысы – бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы, құрылыс материалдарының сапасы, мердігерлердің жауапкершілігі және нысандардың ұзақ мерзім бойы халық игілігіне қызмет етуі. Әсіресе әлеуметтік нысандардың уақытылы тапсырылуы тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді.
Жетісу облысында биыл пайдалануға берілетін 59 нысан мен келесі жылы құрылысы жалғасатын 35 жоба – өңірдің әлеуметтік әлеуетін нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Әрбір жаңа мектеп білім сапасын арттыруға, медициналық мекеме халық денсаулығын жақсартуға, ал тұрғын үй мен инженерлік желілер елді мекендердің қолайлы дамуына негіз болады.
Демек, құрылыс саласына салынған инвестиция – бүгінгі қажеттілікті өтеумен қатар, өңірдің ұзақ мерзімді дамуына жасалған қадам. Жоспарланған жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асуы Жетісу тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттырып, облыстың инфрақұрылымдық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.