
Мен, Игенбай Айдос Назкенұлы, Жетісу облысының ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы ретінде өңіріміздің барлық саласында даму үрдісі болғанын қалаймын.
Сол себепті, депутаттық қызметімде спорт инфрақұрылымын жаңғырту, бұқаралық спортты баршаға қолжетімді ету және тұрғындарды салауатты өмір салтына баулу бағытында мынадай жүйелі жұмыстарды атқарамын.
Заманауи спорт инфрақұрылымы: Жалайыри даңғылы бойында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мамандандырылған спорт кешенінің және Қаратал өзенінің оң жағалауындағы 150 орынды оңалту орталығы мен жаңа спорт нысанының құрылыс сапасын және уақытылы пайдалануға берілуін тікелей бақылауда ұстаймын. Сонымен қатар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тұрғын аудандар мен аулаларда заманауи көше тренажерлерін, шағын футбол және воркаут алаңдарын көбейтуге, ескірген алаңдарды жөндеуге ықпал етемін.
Бұқаралық спорт, балалар мен жастар: Балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасау арқылы қала халқының жүйелі түрде спортпен шұғылдану көрсеткішін 44%-дан 50%-ға дейін арттыруға үлес қосамын. Мемлекеттік спорттық тапсырыс (жан басына қаржыландыру) бағдарламасының ашық әрі үздіксіз жұмыс істеуін қадағалап, мектеп оқушылары үшін тегін спорт секцияларының санын арттыруды қолдаймын.
Инклюзивті спорт және аға буын денсаулығы: Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен параспортшылардың жаттығуына кедергісіз орта қалыптастыруға және спорттық құрал-жабдықтармен қамтылуына қолдау көрсетемін. Сонымен қатар зейнеткерлер мен ардагерлерге арналған сауықтыру гимнастикасы мен скандинавиялық жүріс топтарын ұйымдастыруға мұрындық боламын.
Спорттық кәсіпкерлік және білікті бапкерлер: Жекеменшік спорт секциялары мен фитнес-орталықтарды «Іскер аймақ» бағдарламасы арқылы қолдап, спорт саласындағы шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасаймын. Олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерінен облыс намысын қорғайтын дарынды жас спортшылар мен олардың бапкерлерін ынталандыру тетіктерін мәслихат деңгейінде ілгерілетемін.
Спорт – саламатты қала кепілі! Бірлесе отырып, белсенді әрі жайлы Талдықорғанды қалыптастырайық!